Орман өртінің салдары адам ағзасына жылдар бойы әсер етеді

Орман өртінің салдары бірнеше жыл өтсе де адам денсаулығына кесірін тигізе береді.

Гавайи Университетінің ғалымдары жүргізген зерттеу нәтижесінде 2023 жылы Мауи аралындағы өрттен зардап шеккен аудан тұрғындарының ағзасынан металдардың жоғары мөлшері анықталған. 

Осылайша зерттеушілер өрт пен түтін өкпенің бұзылуына әсер ететінін дәлелдеді.

2023 жылы Мауи аралында жүзден астам адамның өмірін жалмаған алапат орман өртінің зардабын жергілікті тұрғындар әлі күнге тартып келеді. Тонналаған күл, күйе және құрылыс қалдықтарынан тараған бөлшектер адам ағзасына  қауіп төндіріп тұр. Өйткені дәл осы материалдар бірнеше айдан кейін тұрғындардың ағзасынан анықталған металдардың көзі болды.

Рубен Хуарес, Гавайи Университетінің экономисі:

- Климаттың өзгеруіне байланысты табиғат апаттары қоршаған ортаны өзгертеді. Төтенше жағдай аяқталған күннің өзінде оның салдары ұзақ уақытқа сақталады. Басты мәселе осында. Су тасқыны, дауыл, өрт және басқа да табиғи апаттар Гавай топырағының сапасын бұзып, айналаны ластайтын бөлшектердің кең таралуына жол ашты. Сондықтан көзге көрінетін қауіп сейілсе де қоршаған ортаны қорғау шараларын тоқтатпау керек.

Гавайи Университетінің мамандары Мауи аралында тұратын шамамен 1400 ересек адамның зәрін зерттеді. Оның құрамынан табылған күшәла, кадмий, мыс пен сүрме мөлшерінің көптігі өкпе функциясында белгілі бір ауытқулар бар екенін көрсетті. Зерттеушілер бұл көрсеткіш өрттен кейін түтін мен күлдің таралу аймақтарында жиі тіркелгенін анықтады. 

Алика Маунакеа, Гавайи Университетінің профессоры:

- Ағзасында бірнеше металдың жиынтық мөлшері жоғары адамдарда тыныс алу кезінде ауытқулар жиірек байқалды. Өкпенің қалпына келу кезеңінде де зерттеу жұмыстарын жалғастыра бердік. Сонда  ауыр металдардың әсеріне ұшыраған адамдардың ағзасында бұл заттардың ұзақ уақытқа сақталатынына көзіміз жетті.

Десе де, ғалымдар нақты қорытынды жасауға әлі ерте деп отыр. Өйткені ағзадан табылған металдар мен өкпенің жағдайы арасындағы байланыс анықталса да, оның функциясының бұзылуына нақты қай металдың себеп болғанын дөп басу қиын. Сондықтан биологиялық салдар мен адамның психикалық денсаулығын және тұрмыс жағдайындағы өзгерістерін жан-жақты талдау қажет, дейді мамандар. Оның үстіне орман өрттерінің салдары адам денсаулығына қанша уақыт әсер ететіні әзірге зерттелмеген. 

Авторы Арайлым Жақсылыққызы

Сондай-ақ оқыңыз: