Хуситтер Дубайға сес көрсетті

Йемендік хуситтер енді Дубайға сес көрсетіп жатыр. Ираншыл қозғалыс жетекшілері, егер Біріккен Араб Әмірліктері Саудия бастаған әскери одақты қолдап, арнайы жасақтарды қаржыландырса, әуеден соққы жасаймыз дейді. Бұл жөнінде «The Guardian» басылымы хабарлады, деп хабарлайды 24KZ.

Шығанақ шаһары, кешегі АҚШ-Иран қақтығысы кезінде онсызда ауыр зардап шеккені белгілі. Енді жыл он екі ай туристер ағылып жататын таңғажайып мекеннен тағы тыныштық кете ме, қайтеді?

Рауан Мыңбай, тілші:

– Араб шығанағына алаң-елең шақта тағы бір жайсыз хабар жетті. Бұл жолы йемендік хуситтер Дубайға дөңайбат көрсетті. Бұларға жақпайтыны – Біріккен Араб Әмірліктері Саудия бастаған әскери одаққа қосылып, қаржылай қолдауға қайта кіріскен. Бұны батыстың «The Guardian» басылымы хабарлап, шиеленісті одан әрі өршітті.

Ормуздағы ахуалға келсек, су жолы тағы бөгелді. Бірер күн бұрын Иран ислам сақшылар корпусы өткелден рұқсатсыз өтуге талпынған екі мұнай танкерінің теңіз минасына тап болғанын хабарлады. Дерекке қарағанда, алып кемелер навигациялық құралдарды сөндіріп, мыңдаған тонна мұнайды алып өтпек болған.

Бұл танкерлердің қай елге тиесілі екені әзірге нақтыланбады. Белгілісі, жаһандық биржада шикізат бағасы өзгеруі әбден ықтимал.

Өйткені Ормузда танкерлер қозғалысы баяулады. Өңірлік қақтығысқа дейін бұғаз арқылы тәулігіне 20 млн баррель қара алтын экспортқа жөнелтілетін. Қазір көрсеткіш бұдан екі есе кем.

Авторы: Рауан Мыңбай

Сондай-ақ оқыңыз: