Араб шығанағына жан-жақтан қауіп төніп тұр
Арабтар қорғаныс өнеркәсібін дамытып жатыр.
Катар бұған айрықша ден қойды. АҚШ, Израиль және Иран арасындағы әуе соққылары елдің қауіпсіздігіне едәуір нұқсан келтірді. Жағдай әлі оңалмады. Ормуз құрсауда қалып, сұйытылған газ тасымалы тежелді. Жыл он екі ай туристер ағылып жататын мекеннен тыныштық кетті.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Араб шығанағына жан-жақтан тағы қатер төніп тұр. Жалғыз Катар емес, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Бахрейн, қала берді Саудия хуситтерден қауіптенеді. Бұлар Израильден де секем алып қалған. Биылғы көктемде парсы жерінен шығанаққа 3 мыңға тарта зымыран атылып, дрон ұшырылғаны белгілі. Соның басым бөлігі Әмірлік пен Катарға бағытталды. Осы күндері йемендік хуситтер сол шиеленісті одан әрі өршітті. Яғни корольдік астанасын қайта-қайта нысанаға алып жатыр. Әуе қорғаныс жүйелері зымырандардың денін тойтарды. Ормуздағы ахуалға келсек, су жолы қайта бөгелді. Бірер күн бұрын Иран ислам сақшылар корпусы өткелден рұқсатсыз өтуге талпынған екі мұнай танкерінің теңіз минасына тап болғанын хабарлады. Дерекке қарағанда, алып кемелер навигациялық құралдарды сөндіріп, мыңдаған тонна мұнайды алып өтпек болған. Осыдан соң Ормузда танкерлер қозғалысы баяулады. Бұғаздың ұзақ уақыт құрсауда қалуы ресми Дохаға ауыр тиіп тұр. Бұл ел сұйытылған газ экспортын негізінен осы өткел арқылы әлемдік нарыққа тасымалдайды. Катар билігі осы орайда кез келген жағдайға дайын екенін мәлімдеді. Әрі қорғаныс өнеркәсібін кешенді дамыту жоспары барын жариялады.
Сауд бин Абдулрахман әл Тани, Катар қорғаныс істері жөніндегі мемлекеттік министрі:
- Катар - қорғаныс саласында өңірлік серіктестерден бөлек АҚШ, Ұлыбритания Корольдігі және Франциямен серіктес. Жергілікті өндіруші компанияларды қолдау үшін осы мемлекеттермен жан-жақты байланыс орнады. Таяу арада нақты іс- әрекеттерімізді хабарлаймыз. Айтпақшы, йемендік хуситтер Дубайға дөңайбат көрсетті. Бұларға жақпайтыны Біріккен Араб Әмірліктері Саудия бастаған әскери одаққа қосылып, қаржылай қолдауға қайта кіріскен. Бұны батыстың «The Guardian» басылымы хабарлап, шиеленісті одан әрі өршітті.
Артынша Йемендегі ираншыл қозғалыс жетекшілері ресми Абу Дабиге мұндай қадамға бармауды ескертті. Егер Әмірліктер райынан қайтпаса, тікелей Дубайға зымыран атуға дайынбыз дейді олар. Ал бұл жақтағылар кешегі АҚШ-Иран қақтысығынан енді ғана ес жиып келеді. Парсы мемлекетімен арада қолайлы диалог қалыптасып, тұрақтылық орнай бастаған еді. Жалғыз Әмірлік емес, хуситтердің аттандаған арынын басуға Мысыр да әзір отыр деген дерек бар. Сауд Арабиясына әскер жіберу жайын қазір бұл елдің парламенті қарауға көшті.
Рауан Мыңбай