АҚШ-қа келесі Президент кім болуы мүмкін?

АҚШ-тағы аралық сайлауға 2 аптадан аз уақыт қалды.

Республикашылар мен демократтар арасында саяси күрес күшейді. Сарапшылар бұл науқанды Президент Трамп билігі үшін шешуші кезеңге балап отыр. Өйткені қазір Конгрестің екі палатасында да Ақ үй басшысының жақтастары көп. Бұл жолы демократтар басым түссе, Дональд Трампқа қалай әсер етуі мүмкін? АҚШ экономикасының даму қарқыны қалай? Құрама Штаттардың келесі Президенті кім болуы мүмкін?

Д. Трамптың Конгрестегі ықпалы әлсіреуі мүмкін

Келесі айда, яғни 3 қарашада американдықтар Конгрестің жаңа құрамын сайлайды. АҚШ-тың заң шығарушы органы екі палатадан тұрады. Өкілдер палатасы - төменгі, ал Сенат - жоғарғы палата. Құрама Штаттарда аралық сайлау халықтың билеуші партияға сенімінің көрсеткіші саналады. Алайда американдықтардың 47 пайызы демократтарды қолдаса, республикашыларға тек 35 пайызы дауыс беруге әзір. Егер демократтар күшейсе, Дональд Трамптың Конгрестегі ықпалы әлсірейді. Яғни билігінің қалған мерзімі кезінде өз саясатын жүргізуі қиындайды. Десе де, Ақ үй басшысының бұған оңайшылықпен жол беретін түрі көрінбейді. Сайлауалды науқанға 400 млн доллар салды. Бұл жолы көп шабылып жүргендердің бірі миллиардер Илон Маск. Әлемдегі ең ауқатты адам республикашылардың жеңісіне жол ашу үшін 276 млн доллар берді.

Дженнифер Лоулесс, Вирджиния Университетінің профессоры:

- Демократтар аралық сайлауда басым түсуі мүмкін. Тек Өкілдер палатасында ғана емес, Сенаттағы да ықпалы күшеюі ықтимал. Дональд Трамптың халық арасындағы беделі түсіп барады. Бұған қоса Конгрестегі басымдығына қарамастан, республикашылардың жұмысы да көңіл көншітерлік емес.

Президент Трамп билікке келе сала бұған дейін өзге мемлекеттерге кіріптар болып келген АҚШ экономикасының "алтын ғасыры басталды" деп батыл мәлімдеме жасады. Ақ үй басшысы бұл уәдесін орындай алды ма? 

Сарапшылар биыл Құрама Штаттардың экономикалық өсімі 2,3 пайыз болады деп топшылайды. Бұл Үлкен жетілік елдері ішіндегі ең жоғары көрсеткіш. Десе де, Джо Байден тұсында өсім 3,2 пайызға тең еді. 

Жыл басында Дональд Трамп салық жеңілдігін енгізді. Табысы орташа америкалықтар 780 долларға дейін үнемдеуі тиіс еді. Бірақ АҚШ-тың тариф саясаты мен Ирандағы соғыстан инфляция ырық бермей тұр. Вашингтондағы салық саясаты және экономикалық мәселелерді зерттеу институтының дерегі бойынша, мұның салдарынан әр отбасының шығыны 1850 долларға дейін артты.

АҚШ-ТЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМІ

Д. ТРАМП ТҰСЫНДА     -  2,3%

Д.БАЙДЕН ТҰСЫНДА - 3,2% 

Иан Келли, Солтүстік-Батыс Университетінің маманы:

- АҚШ Израильге қосылып, Иранға қарсы соғыс бастаудың қажеті болды ма? Бұл арада Құрама Штаттар әлсіздік танытты деп ойлаймын. Бұл соғыстың салдарын дұрыс бағаламаған тәрізді. Ал Тегеран билігі Ормузды жауып, мұнай тасымалын шектеп, бүкіл әлемді сергелдеңге салып қойды. 

Иә, Таяу Шығыстағы шиеленістен АҚШ-та қымбатшылық үдеп барады. Аралық сайлау қарсаңында бұл Президент Трамп үшін тиімсіз, әрине. Қазір Ақ үй басшысының рейтингісі 31 пайызға дейін түскен. Бұл екінші мерзімге келгелі бергі ең төмен көрсеткіш.  

БЛИЦ

- Аралық сайлауда демократтар ықпалы артып, Конгресті қайтадан бақылауына алса екен деп үміттеніп отырмын.

- Ең маңыздысы, Сенат пен Өкілдер палатасындағы партиялардың күші тепе-тең болуы керек деп ойлаймын.

- Қазір жағдайымыз жаман емес. Джо Байден тұсында бұдан жаман еді.  Иә, жанармай қымбаттады. Бірақ мұнай бар ғой.

- Елдегі қауіпсіздік күшейді деп ойлаймын. Өйткені, заңсыз мигранттар ағынын тоқтады. 

Президент Трамптың Конгрестегі ықпалы әлсіресе, демократтар оған қарсы тергеу бастауы мүмкін. Олар Ақ үй басшысы жеке мүддесі үшін былтыр әлемдік қор нарығында әдейі аласапыран туғызды деп санайды. Сол кезде Дональд Трамп әлеуметтік парақшасында "дәл қазір акцияларды сатып алатын таптырмас мүмкіндік" деп жазба жариялаған. Бұдан соң әлемдегі ең ауқатты адамдардың дәулеті бір күнде 304 миллиард долларға өскен еді. Сондықтан, Ақ үй басшысы үшін аралық сайлауға дейін бедел жинау маңызды, - дейді сарапшылар.

Форд О’коннелл, Республикашылардың саяси стратегі:

- 3 қарашаға дейін республикашылар үшін ең маңызды міндет - өз сайлаушыларының дауыс беруге келуін қамтамасыз ету. Негізгі жақтастардың жігерін оятып, партияның жеңіске жете алатынына сендіру қажет. Егер олар жеңіске сенсе, республикашылар Конгрестің екі палатасындағы басымдығын сақтай алады.

Аралық сайлау АҚШ саясатына әсер етеді. Өйткені Дональд Трамптың екі жылдан соң екінші президенттік мерзімі аяқталады. Үшінші рет сайлауға түсуге құқы жоқ. Ал Құрама Штаттарды басқарудан вице-Президент Джей Ди Вэнс дәмелі. Ол Президент Трамптың қолдауы шешуші роль атқаратынын айтады. Мұны өз тәжірибесінен біледі. 2022 жылы Огайо штатынан Сенатқа үміткерлер арасында әу баста үшінші орында болған. Алайда Трамптың қолдауы оның жеңісіне жол ашқан. Ал демократтардың атынан Калифорния губернаторы түсуі мүмкін. Қазір Гэвин Ньюсом технократтар мен Голливуд жұлдыздарының қолдауына ие. Яғни аралық сайлау Конгресті кім бақылайтынын анықтап қана қоймай, әрі 2028 жылы, яғни келесі президенттік сайлауға дайындық болмақ. 

Зайнұр Байжігіт

Сондай-ақ оқыңыз: