Еуропада әскерде қызмет ету жүйесі қалай ұйымдастырылған?
Қазақстанда әскерге шақырылғандар алғашқы 6 айда оқу орталықтарында даярлықтан өтіп, кейін 6 ай бойы тікелей әскери бөлімдерде қызмет етеді деп жоспарланып отыр.
Құжат әскерді жасақтаудың халықаралық тәжірибесін, ұрыс қимылдарын жүргізудің заманауи тәсілдерін және отандық мамандардың ұсыныстарын ескере отырып әзірленді. Мұндай жүйе Данияда да енгізілген. Ал Эстония келесі жылдан бастап қолға алуды жоспарлап отыр. Еуропа елдерінде әскери қызметтің кезеңдік жүйесі қалай ұйымдастырылған?
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Данияда осы жылдың тамыз айынан бастап мерзімді әскери қызметтің ұзақтығы төрт айдан он бір айға ұзартылды. Енді ол екі кезеңнен тұрады. Алғашқы бес айда сарбаздар қарқынды дайындықтан өтеді. Кейінгі алты айда әскери бөлімшелерде қызмет атқарады. Бұл тәсіл әскери машықтарды меңгеріп қана қоймай, оларды іс жүзінде шыңдауға мүмкіндік береді, дейді мамандар.
Данияда әскерге бару – жастарға ортақ міндет. Былтырдан бастап әйелдер де әскер қатарына шақырыла бастады. Бірақ жауынгерлікке алдымен өз еркімен ниет білдіргендер қабылданады. Еріктілер жетіспеген жағдайда әскерге баратындар жеребе арқылы анықталады.
Силас Нор, Дания Қарулы Күштерінің жас сарбазы:
- Аздап қобалжып тұрмын. Бірақ жаңа нәрсені байқап көруге мүмкіндік туғанына қуаныштымын. Бұрын қызмет мерзімі қысқа болғандықтан, көп нәрсеге үлгермейтінбіз. Енді он бір айымыз бар. Осы уақыт ішінде әскери өмірге әбден бейімделіп, мол тәжірибе жинаймыз деп ойлаймын.
Майкл Виллумсен, Дания Қарулы Күштері Оксбёль гарнизонының командирі, полковник:
- Бұрын біз сарбаздарды негізінен табиғи апаттар мен басқа да төтенше жағдайларда атқарылатын қосалқы жұмыстарға дайындайтынбыз. Енді мерзімді қызмет барысында оларға әскери бөлімшелер құрамында жедел тапсырмаларды орындауды жүктей аламыз.
Финляндияда да мерзімді әскери қызмет бірнеше кезеңнен тұрады. Барлық сарбаз алдымен алты апталық бастапқы дайындықтан өтеді. Одан кейін әскери мамандықтарды меңгеріп, бөлімше құрамында жауынгерлік тапсырмаларды орындауды үйренеді. Алған білімін ауқымды әскери жаттығуларда шыңдайды. Мұнда қызмет мерзімі әскери мамандыққа байланысты. Бірі бес жарым ай, енді бірі сегіз жарым ай немесе бір жылға жуық қызмет етеді.
Ари Лааксонен, Финляндия қарулы күштері Кайнуу бригадасының командирі:
– Басты міндеттеріміздің бірі – құрлықтағы әскер мен әуе күштерінің іс-қимылын тиімді үйлестіруді үйрену. Бұл біз үшін салыстырмалы түрде жаңа бағыт. Қазір ұшқышсыз ұшу аппараттары, тікұшақтар мен ұшақтардың бірлескен әрекетін үйлестіру аса маңызды.
Эстонияда да келесі жылдан бастап сарбаздар он екі ай борышын өтейді. Алғашқы жарты жыл қарқынды жалпыәскери және арнайы дайындыққа арналады. Кейінгі алты айда сарбаздар алған білімін іс жүзінде қолданып, бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз етуге жұмылдырылады. Қорғаныс министрлігі мұндай өзгерісті заманауи қару- жарақты меңгеруге көбірек уақыт қажетігімен түсіндіріп отыр.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Әскерилердің пікірінше, екі кезеңді мерзімді қызмет сарбаздардың алған білімін тәжірибеде шыңдап, қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін арттыруға мүмкіндік береді. Басты мақсат – сарбаздарды қазіргі заманғы ұрыс жағдайында әрекет етуге үйрету.
Авторы Ғалымжан Қараманұлы