Ғарышта дәрі-дәрмек өндіріледі

Дәрі-дәрмекті жерде емес, ғарышта жасау керек. Өйткені жол алыс демесеңіз, шығыны аз. Биотехнологиялық компаниялар орбитада дәрілік препараттарды сынақ тәжірибесі ретінде әзірлеуді әлдеқашан бастап кеткен. Алғашқы нәтижелер де бар, деп хабарлайды 24KZ.

«Ғарышта дәрі-дәрмек өндіру денсаулық сақтау саласына орасан пайда әкеліп қана қоймай, экономикалық өсімді де ынталандырады» дейді мамандар. Жалпы кейінгі кезде ғарышқа инвесторлардың қызығушылығы жоғары. Биыл осы саладағы стартаптарға 20 млрд доллардан астам қаржы жұмсалған.

Ғарышты зертханаға айналдыру – болашақтың жоспары ғана емес. Қазірдің өзінде бірқатар компания орбитада дәрі-дәрмек дайындауға кірісіп кетті. Мәселен, LambdaVision биотехнологиялық компаниясы микрогравитация жағдайында көздің торлы қабығына арналған жасанды имплант әзірлеп жатыр. 2018 жылдан бері компания Халықаралық ғарыш станциясына тоғыз миссия ұйымдастырды және 2028 жылға клиникалық сынақтарды жоспарлап отыр.

Уилл Брюи, Varda Space Industries бас директоры:

- Біз жаңа дәрілік молекулаларды жасап жатқан жоқпыз. Қолда бар препараттарды жетілдіріп, олардың сипатын өзгертеміз. Бір ғана белсенді затты таблетка, инфузияға арналған ерітінді, ингаляциялық препарат немесе инъекция түрінде шығаруға болады. Олардың әрқайсысы ағзаға әртүрлі әсер етеді. Жерде біз ауырлық күшін өзгерте алмаймыз, ал ғарышта мұндай мүмкіндік бар. Бұл бізге Жердегі адамдардың өмір сапасын жақсартуға жол ашады.

Ал Merck компаниясы қатысқан зерттеу нәтижелері Keytruda препаратының тері астына енгізілетін түрін әзірлеуге негіз болды. Бұл – қатерлі ісікке қарсы иммундық терапияда қолданылады әрі әлемдегі ең көп сатылатын дәрілердің бірі. Егер дәстүрлі көктамырішілік инфузия шамамен 30 минутқа созылса, препараттың жаңа түрін инъекция арқылы егу небәрі бір-екі минутты алады. Айта кету керек, дәрі Жерде өндіріледі. Ғарыштағы зерттеулер оны ағзаға егу тәсілін жетілдіруге мүмкіндік берді.

Нэнси Лапид, медициналық және ғылыми журналистика бойынша сарапшы:

– Халықаралық ғарыш станциясында гравитацияның әсері болмағандықтан, биологиялық материалдардағы жасушалар мен бөлшектерді біркелкі орналастыруға мүмкіндік бар. Мұны дәл осылай Жерде қайталау қиын.

Осыған дейін мұндай зерттеулер негізінен Халықаралық ғарыш станциясында жүргізілетін. Алайда станцияда зертханалық орын, уақыт және материалдарды Жерге қайтаруға қатысты шектеу көп. Ал сынақтарды жүргізуге айлар, тіпті жылдар қажет. Бұл өндіріс технологияларын жетілдіруге кедергі. Оның үстіне NASA 2030 жылдың соңына қарай станцияның жұмысын тоқтатады. Демек, енді орбитада өзге де зерттеу алаңдарын іздеу қажет. Жаңа буындағы коммерциялық ғарыш станцияларын жобалау кезінде өндіріс ауқымын кеңейтуге ерекше назар аударылады. Бұл компанияларға уақыт өте келе өндіріс көлемін ұлғайтып, шығындарды азайтуға мүмкіндік бермек. Сарапшылардың айтуына қарағанда, ғарышта дәрі-дәрмек әзірлеу денсаулық сақтау саласына пайда әкеліп қана қоймай, экономикалық өсімді де ынталандырады.

Қазір ғарыш фармацевтикасына инвесторлардың қызығушылығы артып келеді. Ғарышқа дәрілік препараттарды тасымалдау технологияларын әзірлейтін Varda Space Industries компаниясы қыркүйек айында салаға 251 млн доллар инвестиция тартты. Жоғары қызығушылық қор нарығында да байқалады. Тамыз айында орбитада дәрілік препараттарды зерттеуге арналған жабдықтар әзірлейтін америкалық Redwire компаниясының акциялары 13 пайызға өсті. Ал үшінші тоқсанда жалпы ғарыш саласындағы стартаптарға 20,8 миллиард доллар қаржы жұмсалды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Оның шамамен 10 млрд доллары Blue Origin компаниясына тиесілі болды. Қаржыландырудың басым бөлігі, яғни 16,4 млрд доллар ұшыру қызметтерімен және ғарышқа қолжетімділікті кеңейтумен айналысатын компанияларға бағытталды. Ал спутниктік байланыс, Жерді ғарыштан бақылау және басқа да қызметтер көрсететін компанияларға 4 миллиард доллар бөлінді.

Дегенмен ғарыштағы жаппай дәрі-дәрмек өндірісі жайлы сөз қозғауға әлі ерте. «Оған дейін баға, логистика және сапаны бақылау мәселелерін шешіп алған жөн» дейді сарапшылар. Ғарышта өндірілген дәрілік препараттар Жерде әзірленген дәрілер сияқты қауіпсіздік пен сапа талаптарына сай болуы тиіс. Ал реттеуші органдар мұны қамтамасыз ететін арнайы тетікті әлі әзірлеген жоқ. Қазір бұл мәселені Ұлыбритания мен АҚШ қолға алды. Сондықтан алдағы уақытта ғарыш болашақ медицинаны дамытатын тағы бір өндірістік алаңға айналуы әбден мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз: