Лондонда Alatau City жобасы таныстырылды
Лондонда Alatau City жобасын дамытудың ауқымды жоспары таныстырылды. Әлемнің жетекші компаниялары мен қаржы ұйымдарына инфрақұрылым, білім беру және медицина саласындағы жобаларға қатысу туралы ұсыныс жасалды.
Келіссөздер нәтижесінде бірқатар келісімге қол қойылды. Alatau City – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан Қазақстанның тұңғыш толықтай цифрлық қаласы. Лондонда өткен инвестициялық дөңгелек үстелге 70-тен астам компания, банк және инвестициялық қордың өкілдері жиналды. Оларға Орталық Азияның жаңа іскерлік және технологиялық орталығын дамытудың тұжырымдамасы таныстырылды.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Бүгін жалпы құны 1 миллиард 300 миллион АҚШ долларын құрайтын 9 маңызды келісімге қол қойдық. Бірақ бұл тек бастамасы ғана. Өйткені бүгін жұмысымыздың алғашқы күні. Құжаттар дәрі-дәрмек өндірісінен бастап, қала инфрақұрылымын салуды қаржыландыруға дейінгі кең ауқымды салаларды қамтиды.
Alatau City-де Эксетер университеті, Brighton College және Repton Group ұйымдарының қатысуымен білім беру мекемелерін ашу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Ал AstraZeneca және Crescent Meditours компанияларымен ынтымақтастық медицина саласын дамытуға бағытталмақ. Шарада «Бәйтерек» холдингі жобаларды қаржыландыру тетіктерін, халықаралық Arup компаниясы қаланы жоспарлау тәсілдерін таныстырды.
Дэн Рингельштейн, Arup компаниясының бас жоспарлау және қалалық дизайн жөніндегі директоры:
- Alatau City жай ғана ақылды қала емес, заманауи шаһар құрылысының үлгісіне айналады. Мұнда жаяу жүргіншілер мен қоғамдық көлікке басымдық беріледі. Тауар жеткізу үшін дрондар пайдаланылып, болашақта әуе таксилері де көкте самғауы мүмкін.
Бұдан бөлек JPMorgan, Лондон қор биржасы, сондай-ақ Еуропалық қайта құру және даму банкінің өкілдерімен Alatau City жобасын қаржыландыру мәселесі де талқыланды. Қаланың инвестициялық портфелінде жалпы құны 7 миллиард долларға жуық 67 жоба бар. Олар жүзеге асса, шамамен 55 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Шарада халықаралық заңгерлер құқықтық реттеу және арнайы инвестициялық сот құру мәселелерін де қозғады.
Саймон Кокс, Norton Rose Fulbright заң компаниясының аға кеңесшісі:
- Ниетіміз – инвесторлар өздерін сенімді сезінетін құқықтық орта қалыптастыру. Осы мақсатта ағылшынның жалпы құқық қағидаттарына негізделген жеке құқықтық жүйе әзірленіп жатыр. Ол инвестицияларды қорғап, бизнесті жүргізудің халықаралық стандарттарына сай болады.
Гарри Доббс, Alatau City кеңесінің мүшесі:
- Қаланың тұжырымдамасы әзір. Ендігі мақсат – оны жүзеге асыру. Қазірдің өзінде іскерлік орталық, туризм және логистика нысандарының құрылысы жоспарланып жатыр. Сонымен қатар жетекші халықаралық мамандардың қатысуымен қаланың бас жоспары әзірленуде.
Қазір Alatau City-де жалпы құны 35 миллиард теңгеден асатын инженерлік және көлік инфрақұрылымының 28 жобасы бар. Еуропадағы инвестициялық роуд-шоу Германияда жалғасады. Ол елде әлеуетті инвесторлармен жаңа кездесулер өткізу жоспарланған.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы