АҚШ-тағы сайлау сенсациямен аяқталды:Трамп биліктен айырылды ма?

фото: ЖИ

АҚШ-тағы аралық сайлау демократтардың жеңісімен аяқталды. Олар Конгрестің қос палатасында да басымдыққа ие болды. Нәтижесінде Дональд Трамп әкімшілігінің заң шығару жұмысында қарсыластарымен келісуіне тура келеді. Бұл туралы 24KZ телеарнасының АҚШ-тағы тілшісі Ердана Ержанұлы хабарлады.

Қазіргі есеп бойынша, Сенаттағы демократтар мен оларды қолдайтын тәуелсіз сенаторлардың үлесінде – 54 орын, республикашылдарда – 44 орын. Ал Өкілдер палатасында демократтар 241, республикашылдар 149 мандат алды. Дауыс санау әлі жалғасып жатыр.

Бұл жолы демократтарды республикашылдардың берік тірегі саналған штаттардың тұрғындары да қолдады. Мәселен, Техаста Джеймс Таларико жеңіске жетіп, соңғы 38 жылда осы штаттан Сенатқа сайланған алғашқы демократ атанды. Ал Канзаста Адам Хэмилтон жеңді. Бұл штатта демократ сенатор соңғы рет 1932 жылы сайланған еді.

Осылайша, екі жыл бұрын Дональд Трампты қолдаған өңірлердің бір бөлігі бұл жолы оның саяси қарсыластарына дауыс берді. Сайлау нәтижесіне қымбатшылық пен Ирандағы соғысқа қатысты наразылық та әсер етті. Енді Трампқа маңызды заң жобалары мен бюджет мәселелерін шешуде демократтармен келісуге тура келеді.

Сайлау бірнеше тарихи жаңалықпен де есте қалды. Мичиган штатынан Абдул әл-Сайед жеңіске жетіп, АҚШ тарихындағы алғашқы мұсылман сенатор атанды. Ал Джорджияда Кейша Лэнс Боттомс жеңіп, ел тарихында губернатор болып сайланған алғашқы қара нәсілді әйел болды.

Ақ үй басшысы да сайлау нәтижесіне қатысты пікір білдірді. Дональд Трамп демократтармен жұмыс істеуге дайын екенін айтты. Алайда өзі қолдамайтын заң жобаларына вето қоятынын ескертті.

Демек, алдағы екі жылда Вашингтонда маңызды саяси шешімдер қабылдау барысында партиялар арасындағы тартыс күшеюі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз: