Газ тапшылығы Еуропаны тығырыққа тіреді

Әлемдік газ нарығындағы тұрақсыздық 2027 жылға дейін жалғасуы мүмкін. Халықаралық энергетика агенттігі осындай болжам жасады. Бұған көгілдір отын жеткізудегі іркілістер мен алдағы уақытта сұраныстың артуы әсер етуі ықтимал.

Әсіресе қыс қатты болса, Еуропадағы оның қоры күрт азайюы мүмкін. Тіпті көктемде газ қоймаларында 10 пайыз ғана шикізат қалуы мүмкін деген болжам бар. Сондықтан Еуропа елдері газ тапшылығына жол бермеудің амалын іздеп жатыр. 

Халықаралық энергетика агенттігі биыл сұйытылған табиғи газ жеткізілімі кейінгі жылдардағы ең төмен деңгейге түсуі мүмкін екенін ескертеді. Бұған Парсы шығанағындағы іркілістер мен маңызды инфрақұрылым нысандарының зақымдануы себеп. Агенттік болжамынша, алдағы төрт жылда бұл жағдай әлемдік нарықтағы көгілдір отын көлемін 150 миллиард текше метрге дейін қысқартуы мүмкін. Мұндай жағдайда жаңа тасымал жолдарын табу күн тәртібіндегі басты мәселеге айналады. Әсіресе газға тәуелді Еуропа үшін бұл оңай соқпайын деп тұр. Сондықтан аймақ елдері энергия көздерін әртараптандырып, электр қуатын тұтынуды арттыруға басымдық беріп жатыр.

Дан Йоргенсен, Еурокомиссияның энергетика жөніндегі комиссары:

- Мемлекеттерді қазба отындарын тұтынуды барынша жедел қысқартуға шақырамын. Ол үшін жаңартылатын қуат көздерін дамытып, энергия тиімділігін арттыру қажет. Газ бен мазут қазандықтарын электр жылу сорғыларына, ал іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктерді электромобильдерге алмастыру керек. Мұндай шаралар қысқа мерзімнің өзінде айтарлықтай нәтиже бере алады.

Бүгінде электр қуаты Еуропалық Одақтың жалпы энергия тұтыну көлемінің не бары 23 пайызын құрайды. Брюссель 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 32 пайызға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Ол үшін жылу сорғыларын, электромобильдерді дамыту және өнеркәсіпті электр энергиясына көшіру көзделген. Алайда электр энергиясының қымбаттығы бұл үрдіске кедергі келтіруде. Мәселені шешу үшін Еурокомиссия жазда электр энергиясына салынатын салықты табиғи газдан алынатын алымнан асырмауды ұсынған еді. Бірақ жақында Люксембургта өткен энергетика министрлерінің кездесуінде Германия, Италия, Польша және Венгрияны қоса алғанда 13 ел аталған бастамаға қарсы шықты. Олар: «Салық мәселелері Еуроодаққа мүше барлық елдің бірауыздан келісімімен шешілуі тиіс» деп мәлімдеді.

Мика Нюкянен, Финляндия Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің мемлекеттік хатшысы:

- Еуроодақ елдері әр мемлекеттің өзіндік ерекшелігін, инвестициялық қажеттіліктері мен ұлттық энергетикалық жүйесінің мүмкіндіктерін ескере алатындай еркіндікке ие болуы керек. Бізді ұсынылып отырған шаралардың салдары жан жақты бағаланбағаны алаңдатады.

Электр желілерін қаржыландыру мәселесі де Еуроодақ елдері арасындағы пікір қайшылығын күшейтті. Еурокомиссияның есебінше, желілерді жаңғыртуға шамамен 600 миллиард еуро қажет. Оның бір бөлігі тұтынушылардың қалтасынан шығады. Брюссель тарифтерді есептеудің ортақ тәртібін енгізіп, электр жүйесіне түсетін салмақты азайтуды көздейді. Алайда Германия, Франция, Италия жаңа талаптар ұлттық реттеушілердің құзыретін шектейді деп қауіптенеді. Ал Испания, Дания және Люксембург реформаны қолдағанымен, әр елдің дербес шешім қабылдау құқығы сақталуын талап етіп отыр. Ортақ мәмілеге келу мәселесі желтоқсанда тағы талқыланбақ.

Сондай-ақ оқыңыз: