Газа секторында жаңбыр салдарынан 5 адам қайтыс болды
Олардың 4-еуі – балалар. Бұл туралы «Анадолы» агенттігі хабарлады. 950 мыңнан астам палестиналық су басу қаупі жоғары аймақта өмір сүріп жатыр.
Біріккен Ұлттар Ұйымының гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасы қазан айы бойынша жаңа есеп жариялап, дабыл қақты. Нөсер мен күшті желдің әсерінен шатырлар қирап, адамдар зардап шекті. Төсек-орын, киім-кешек пен күнделікті тұрмыстық заттар бүлінген. Оның үстіне кейінгі кезде күн күрт суыта бастады.
Жалпы аймақта 2 миллион тұрғын баспанаға мұқтаж. Мамандар: «Оларға тым құрығанда 200 мың шатыр мен 1 миллион су өткізбейтін жабын шұғыл түрде берілсе», - дейді.