Газада табиғи апаттан 5 адам қаза тапты
Газа секторында баспанасыз палестиналықтар тұрып жатқан шатырларға жар құлап, 5 адам опат болды. Құрбандар арасында 3 бала мен 1 әйел бар. Тағы бірнеше тұрғын жараланған. Рейтердің хабарлауынша, аймақта бірнеше күннен бері жаңбыр жауып тұр. Нөсер жартастын шайып, опырып жіберген.
Жалпы 950 мыңнан астам палестиналық су басу қаупі жоғары аймақта өмір сүріп жатыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасы жаңа есебінде осындай деректерді жариялап, дабыл қақты. Нөсер мен күшті желдің әсерінен шатырлар қирап, адамдар зардап шеккен. Оның үстіне кейінгі кезде күн күрт суытты. Жалпы аймақта 2 миллион тұрғын баспанаға мұқтаж. Мамандар: "оларға шүғыл түрде 200 мың шатыр мен 1 миллион су өткізбейтін жабын берілсе" , - дейді.