Инвесторлардың назары Қытай мен Үндістанға ауды
Жасанды интеллект бәйгесіне төрткүл әлем жарысып кіргенмен, осы салаға ақша салған инвесторлар кібіртіктей бастады. Өйткені триллиондап жұмсалған қаржының қайтарымы бола ма, жоқ па, сол уайым. Күдікті АҚШ-тағы аралық сайлау да ұлғайтты.
Басты себеп – Конгрестің қос палатасын да өз бақылауына алған демократтар деректерді өңдеу орталықтарының көптеп салынуына қарсы. Тіпті жасанды интеллектінің жұмысына аса қажетті инфрақұрылым құрылысына мораторий енгізуді қолдайтындар бар. Өйткені дата орталықтардың пайдасы қандай болса, қаупі де сондай.
Енді сақ инвесторлар Азия нарығына қарай ойыса бастаған. Бұның себебі неде?
АҚШ-тағы аралық сайлауда демократтардың жеңіске жетуі жасанды интеллект саласына әсер етпей қоймады. «Олар елдің технологиялық саясатына бірқатар өзгеріс әкелуі мүмкін», - деп алаңдайды сарапшылар. Яғни қоғам арасында Демократиялық партия өкілдері жасанды интеллект индустриясына бақылауды күшейтіп, дата орталықтардың құрылысын шектеуі мүмкін деген қауіп бар. Осыған байланысты өткен аптада S&P 500 индексі 4,4% құлдырады. Құрамына Apple, Microsoft, NVIDIA, Amazon сияқты 500 ірі америкалық компания кіретін индекс өткен жылдың сәуір айынан бері бұлай төмендемеген еді. Ал әлемдегі ең қымбат Nvidia компаниясы 446 миллиард доллар нарықтық капиталынан айырылды. Қазір Құрама Штаттарда жасанды интеллектіге инвестиция жұмсау қарқыны бәсеңдеп, инвесторлар Азия нарықтарын қарастырып жатыр.
Адам Тёрнквист, LPl Financial компаниясының мультиактивті инвестициялар бойынша бас стратегі:
- Қазір жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытудың ауқымы мен қарқынына қатысты болжамдар қайта қаралуда. Атап айтқанда, бұл деректерді өңдеу орталықтарын салу мәселесіне қатысты болып отыр. Оған ішінара АҚШ-тағы аралық сайлау нәтижелері әсер етті. Осы тұста Техас штатындағы жағдай ерекше назар аудартады. Онда жаңадан сайланған демократ-губернатор деректерді өңдеу орталықтарының құрылысын жалғастыруға уақытша мораторий енгізуге ниетті. Енді инвесторлар дата-орталықтардың есептеу қуаттарын қаншалықты жылдам арттыруға болатынына алаңдап отыр.
Жасанды интелліктіге қажетті жад микросхемалары, микрочиптер және өзге де жартылай өткізгіштермен қамтамасыз ететін негізгі ірі кәсіпорындар Азияда шоғырланған. Мәселен, Samsung Electronics, SK Hynix және Taiwan Semiconductor Manufacturing компаниялары жасанды интеллект инфрақұрылымын жаһандық деңгейде дамытуда маңызды рөл атқарады. Осы тұста Америка мен Азия нарықтары бір-бірімен тығыз байланысты. Өйткені америкалық NVIDIA микрочип өндіргенімен, өзге компоненттерді шығармауы мүмкін. Сондықтан Азия елдерінен сатып алады. Ал АҚШ-тағы технологиялық алпауыттарға инвесторлар күмәнмен қарап, қомақты қаржы құюдан тартынатын болса, бұдан Азия қор нарықтары да зиян шегеді.
Раджив Де Мелло, GAMA Asset Management SA компаниясының жаһандық макроэкономикалық портфелін басқарушысы:
- Менің ойымша, инвесторлар өз инвестициялық портфельдерін кеңінен әртараптандырып, бір ғана өңірге шоғырлануын тоқтатады. Бұл активтердің бағасы салыстырмалы түрде аз көтерілген Қытай мен басқа да нарықтарға қолдау көрсетуі тиіс.
Британиялық Aberdeen Investments компаниясы ішкі экономикалық өсімі жоғары нарықтарға, соның ішінде Үндістан мен Вьетнамға басымдық беріп отыр. Сонымен қатар Қытайдың технологиялық компанияларының даму әлеуетін де жоғары бағалайды. Сарапшылардың пікірінше, бұдан Үндістан айтарлықтай пайда көруі мүмкін. Елді негізгі қор нарығы Nifty 50 индексі өткен аптада 8,6% көтеріліп, 2021 жылдан бергі ең жоғары апталық өсім көрсетті.
Кейінгі деректерге сүйенсек, шетелдік инвесторлар үндістандық акцияларға 1,9 млрд доллар қаржы құйған. Жалпы Үндістанның инвестициялық тартымдылығының артуына мұнай бағасының төмендеуі де ықпал етті. Өйткені Үндістан энергия ресурстарының импортына тәуелді. Ал қара алтынның арзандауы ел экономикасына қысымды азайтады.
Уткарш Сингх, SBI-SG Global Securities Pvt компаниясының аға менеджері:
- Шетелдік инвесторлар үнді нарығына күтпеген жерден белсенді түрде қаржы сала бастады. Шетелдік капиталдың ағыны алдағы уақытта да жалғасады деп ойлаймын.
Инвесторлар жасанды интеллект саласымен шектеліп қалмақ емес. Азия нарықтарының назардан тыс қалған сегменттеріне қайта көңіл аудара бастады. Сарапшылардың айтуынша, Қорғаныс және қаржы секторындағы компаниялардың акциялары салыстырмалы түрде төмендейді. Ал денсаулық сақтау саласындағы кәсіпорындар мен күнделікті тұтыну тауарларын өндірушілерге сұраныс артты. Қазір Allianz Global Investors инвестициялық компаниясы дәл осы саладағы кәсіпорындарға назар аударып отыр. Бұл секторға, әсіресе Оңтүстік Кореяда сұраныс жоғары. Денсаулық сақтау және салауатты өмір салты индустриясынан бөлек K-pop ойын-сауық агенттіктері, косметика өнімдері мен сұлулық индустриясы да инвесторлардың қызығушылығын оятты. Сондай-ақ автомобиль өндіруші компанияларға сенім артқан. Олардың қатарында жапондық Toyota және оңтүстіккореялық Hyundai бар.
Дегенмен барлық инвестор жасанды интеллект саласынан толықтай бас тартуға дайын емес. «Мәселенің шешімі ретінде деректерді өңдеу орталықтарын салу георграфисяы өзгеруі мүмкін», - дейді мамандар. Жалпы дата орталықтарды көптеп салуға қатысты алаңдауға негіз бар. Өйткені жасанды интеллект адамзаттың қолын ұзартып, өмірін жеңілдеткенімен, одан қауіп те жоқ емес. Мәселен, ChatGPT бір сұраққа жауап беру үшін Google іздеу жүйесімен салыстырғанда шамамен 10 есе көп энергия тұтынады. Бұл жайында Электр энергетикасын зерттеу институтының есебінде айтылған. Неғұрлым күрделі сауал жолдасаңыз, нейрожелінің энергия тұтыну көлемі арта береді. Ал 2030 жылға дейін АҚШ-та жасанды интеллект нысандарын салуға пайдаланылатын цемент өндірісінен бөлінетін зиянды газдар көлемі жылына 415 мың автокөліктен бөлінетін зиянды шығарындылармен теңесуі мүмкін.
Николас Рис, Мельбурн қаласының лорд-мэрі:
- Деректерді өңдеу орталықтары қыруар энергия мен су тұтынатынын білеміз. Сондықтан мұндай орталықтардың маңайындағы аудандарға, қоршаған ортаға да зияны орасан. Бұдан жергілікті тұрғындар аса пайда көрмейді. Сондықтан біз деректер орталығының жұмысы екі тарапқа да инвесторлар мен халық үшін бірдей тиімді болғанын қалаймыз.
«Сақтықта қорлық жоқ». Инвесторлар жасанды интелліктіге қаржы бөлуден толықтай бас тартпаса да, қаржы бөлуді әртараптандыру ең тиімді шешім екенін айтады. Жыл соңына қарай салаға жұмсалған жалпы қаржы көлемі 2,5 трлн доллардан асуы мүмкін деген болжам бар. Ал сарапшылардың пікірінше, бүгінде жасанды интеллект секторынан тыс инвестиция салуға Үндістан мен Қытай айтарлықтай мүмкіндіктер ұсынып отырған екі негізгі нарық.