Дубайда асты ысырап етуге жол берілмейді
Дубайда жұрт нанды ысырап қылмайды. Тек қажетті мөлшерде алып, артығын қоғамдық тоңазытқыштарға өткізеді. Ал мерзімі өтіп кетсе, кез келген қоқыс жәшігіне тастауға болмайды. Органикалық қалдық жиналатын орындар іздеу қажет. Мұндай қадам тұрғындардың сана-сезімін өзгертіп, ас атасын қадірлеуге оң ықпал етті, деп хабарлайды 24KZ.
Рауан Мыңбай, тілші:
– Әмірлікте ас атасын ысырап етпеуге айрықша мән беріле бастады. Қоғамдық жерлерге нан сақтайтын арнайы жәшіктер қойылды. Ал тұрғын аудандарға қалдықтарды бөлек жинау тәжірибесі кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Мұндай қадам мегаполис халқын ортақ жауапкершілікке үндейді. Ерекшелігі сол, бұл жақта азық-түлік қалдығының бәрі бірдей қоқысқа кетпейді. Қайта тұтынуға жарамдысы қайырымдылық ұйымдары арқылы мұқтаж жандарға жеткізіледі. Бұл іске «UAE Food Bank» қоры жауапты. Мейрамхана, қонақүй, дүкен және өзге де кәсіпорындарда артылған тамақ қауіпсіздік талаптарына сай сұрыпталып, қайта таратылады. Биыл қор қызметі тіпті кеңейді. «Charity Fridge» жобасы аясында мектептерге тоңазытқыштар орнатылды. Жеуге жарамды асты сонда қалдыруға болады.
Демек «нан – береке бастауы» деген ұғым араб жерінде кең насихатталып жүр. Қайырымдылықпен қатар өрбіп, жұртқа жылу сыйлайды. Айталық, Рамазан айында елдегі мешіттер ауыз бекіткендерге қамқорлық жасайды. Басты ерекшелігі, ас ешкімге шамадан тыс берілмейді. Аяқасты болмасы үшін шектеу енгізілген. Әр адам өзіне жеткілікті мөлшерде ғана ыстық тағам мен нанға қол жеткізе алады.
Автор: Рауан Мыңбай