COP31: жаһандық жылынудың зардабы қандай?

Кейінгі 30 жылда ауа райының қолайсыз құбылыстары әлем экономикасына 4 трлн 700 млрд доллар шығын әкелді. Мұндай деректерді Германияның Germanwatch экологиялық ұйымы жаңа «Климаттық тәуекелдер индексінде» жариялады, деп хабарлайды 24KZ.

Баяндама БҰҰ-ның COP31 конференциясында Түркияның Анталия қаласында таныстырылды. Зерттеу авторлары 178 елдегі климаттық апаттардың салдарын саралап, ең көп зардап шеккен мемлекеттердің рейтингін анықтаған. 

Әлемде кейінгі 30 жылда экстремалды ауа райы құбылыстары жиілеген. Осы кезеңде 10 мыңға жуық апат тіркеліп, миллионға жуық адам қаза тапты. Табиғи апаттардан келген экономикалық шығын 4,7 трлн долларға жеткен. Бұл Германияның жалпы ішкі өніміне шамалас. Мұндай деректер Анталияда COP31 конференциясында айтылды. Апаттардан әсіресе дамушы елдер көп зардап шеккен.

Вера Кюнцель, Germanwatch ұйымының Климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі кеңесшісі:

– Соңғы 30 жылда климаттық апаттардан ең көп зардап шеккен үш елдің қатарына Доминика, Мьянма және Гондурас енді. Бұл мемлекеттердің барлығы жойқын дауылдардың салдарын бастан өткерген. Мәселен, 2017 жылы Доминикада болған «Мария» дауылы ел экономикасына орасан зор шығын әкелді. Табиғи апаттан келген залал елдің жалпы ішкі өнімінің 270 пайызынан асып түсті.

Зерттеу авторлары климаттық апаттан зардап шеккен елдерді екі топқа бөледі. Біріншісі – сирек болса да, жойқын табиғи апатқа ұшырайтын мемлекеттер. Мәселен, 2008 жылы Мьянмада болған «Наргис» циклоны 140 мыңға жуық адамның өмірін қиды. Екінші топқа табиғи апаттар жиі қайталанатын елдер жатады. Гаити мен Никарагуада дауыл жиі соқса, Филиппинге жыл сайын жиырмаға жуық тайфун келеді. Ал Үндістанда су тасқыны мен аптап ыстық қайталанып отырады. Мұндай елдер бір апаттың зардабын жоймай жатып, келесісіне тап болады. Соның салдарынан даму жобалары кейінге шегеріліп, қаржы апат салдарын жоюға жұмсалады.

Роберто Энрике Чанг Лопес, Гондурастың Қаржы және бюджет министрінің орынбасары:

– Әрбір ірі табиғи апат мемлекеттік бюджетке қосымша салмақ түсіретіні анық. Оның салдарын жою үшін біз қаражатты қайта бөлуге, бекітілген бюджетті өзгертуге мәжбүрміз. Кейде жоспарланған инвестициялық жобаларды кейінге шегеріп, қосымша қарыз алуға да тура келеді. Яғни елдің дамуына жұмсалуы тиіс қаржы апат салдарын жоюға кетеді. Бұл тығырыққа тірейтін жағдай. Сондықтан климаттық өзгерістерге төзімді инфрақұрылым қалыптастыру үшін әуелі халықаралық ынтымақтастықты күшейту қажет.

Климаттық қауіптердің ішінде адам өміріне ең көп қатер төндіретіні – аптап ыстық. 30 жылда тіркелген өлім-жітімнің шамамен 40 пайызы осы құбылыстың салдарынан болған. Бұл – 360 мыңнан астам адам. Еуропа – әлемдегі ең жылдам жылып жатқан құрлық. Мұнда температураның өсу қарқыны жаһандық орташа көрсеткіштен екі есе жоғары. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым дерегінше, былтыр құрлық аумағының кемінде 95 пайызында ауа температурасы қалыпты деңгейден жоғары болған. Табиғи апаттардан Еуропалық одақ елдері де зардап шегіп отыр. Әсіресе Италия, Франция, Грекия мен Испанияда аптап ыстық жиілеп, ауқымды орман өрттері тіркелген. Осы төрт мемлекет климаттық тәуекелдер индексіндегі ең көп зардап шеккен 20 елдің қатарына енді.

Өткен жылы әлемде 367 экстремалды ауа райы құбылысы тіркелді. Салдарынан 35 мыңға жуық адам қаза тауып, 100 млн-нан астам тұрғын зардап шекті. Ал жаһандық экономикаға келген шығын 158 миллиард доллардан асты. Мамандар елдерді климаттық өзгерістерге бейімделу шараларын күшейтіп, зиянды шығарындыларды азайтуға шақырады.

Лаура Шефер, Germanwatch ұйымының Халықаралық климаттық саясат бөлімінің жетекшісі:

– Климаттық дағдарыс ең алдымен адам өміріне, халықтың тұрмыс-тіршілігіне және елдердің экономикалық тұрақтылығына әсер етеді. Сондықтан қазба отындарын пайдалануды азайтып, жаңартылатын энергия көздерін дамыту маңызды. Сонымен қатар климаттың өзгеруіне бейімделу шараларына инвестиция салу қажет. Бұл тек экологияны қорғау емес, халықтың қауіпсіздігі мен болашақтың тұрақтылығына жасалған қадам.

Конференцияда БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш климаттық дағдарысқа қарсы шұғыл шаралар қабылдауға шақырды. Қазір 200-ге жуық елдің өкілдері жаңартылатын энергия үлесін арттыру және қазба отындарынан бас тарту мәселесін талқылап жатыр.

Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:

– Климаттық дағдарысқа қатысты шындықты ашық айтуымыз керек. Өйткені жағдай күн сайын күрделеніп барады. 2025 жылы зиянды газдар шығарындылары рекордтық деңгейге жетті. Аптап ыстықтан жаңа рекордтар тіркеліп, соңғы төрт жыл тарихтағы ең ыстық кезең болды. Соған қарамастан, қазба отындарын өндіруден пайда тауып отырған компаниялар табысын арттыруды жалғастырып келеді. Ал климаттық апаттар әлем бойынша адам өміріне, халықтың тұрмысына және елдердің экономикасына орасан зор зиян келтіруде. Бұл жағдай бүкіл адамзаттың болашағына қауіп төндіреді.

Былтыр бұл жиын Бразилияда өткен еді. Ол кезде қатысушылар қазба отындарына тәуелділікті азайту жөніндегі жаһандық жоспарға қатысты ортақ келісімге келе алмады. Мамандар климаттық дағдарыстың салдары одан әрі күшеюі мүмкін екенін ескертеді. Сондықтан шығарындыларды азайтып, табиғи апаттардың алдын алу шараларын күшейту қажет. Бұл бағыттағы нәтижеге мемлекеттердің бірлескен әрекеті мен нақты шешімдері арқылы ғана қол жеткізуге болады.

Сондай-ақ оқыңыз: