384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық азамат АҚШ жұртын әнмен баурады

  • 551
  • UPD: 17:20, 03.01.2017

Қазақстандық әнші Диаз Мусалимовтың аты АҚШ-та танымал.

Ол алпауыт елдегі опера театрларының сахнасы мен джаз клубтарында ән шырқап, түрлі телеарналардағы шоу бағдарламаларға шақырту ала бастаған. Жерлесіміз шығарған «I am from Kazakhstan» әнін қазірде жергілікті тұрғындар да шабытпен шырқайды. Семейдегі музыка колледжін бітірген жас талант арман қуып, Америкаға келген. Алайда бүгінгі дәрежесіне бірден қол жеткізе алмады. Тіпті кей кездері өнерді қойып, түрлі салада жұмыс істеген. Семейдің бұрынғы «Спартак», кейін Талдықорғанның «Жетісу» футбол командасының белді ойыншысының ұлы болған Диаз алғашында Нью-Йорктегі футбол командаларының бірін жаттықтырды. Ал бос уақытында шіркеудегі хорда ән салды. Кейін Вирджиниа штатындағы Нор-фолк университетіне түсті. Оқу орнын жақсы аяқтағаннан кейін Нью-Йорк университеті оны магистратурада білімін жетілдіруге шақырады. Диаз бүгінде сол білім ошағында оқып жүріп жас студенттерге вокал сабақтарын береді.

Диаз Мусалимов, қазақстандық әнші:

- Қазақстандық екенімді мақтан тұтамын. Жақында ғана «I am from Kazakhstan» атты ән жазып, әйгілі Birdland сахнасында орындадым. Туындымның әсерлі болғаны сондай, концерт біткенде халық сол әнді шырқап қайтты. Кез келген шараға қатысып, елімді әлемге әйгілеп жүргенімді бақыттың бір парасы деп білемін.

Сандра Дакота, продюсер:

- Диаз - ерекше талант иесі. Оның дауысы кез келген жанрда ән салуға бейім. Қазір Нью-Йорк университетінде вокалдан сабақ беріп жүр. Жақында ғана концертіне қатысқанмын. Оның Америка мен Қазақстанда ғана емес, барлық елде жұлдыз болуға мүмкіндігі бар.

Виктор Сидабрас, дипломат:

- Мен дипломатия саласында 29 жыл еңбек еткен адаммын. Қазақстан мәдениетімен де жете таныспын. Бірақ бүгінгі концерт біз үшін ерекше болды. Диаз қазақ әндерімен қоса, италиялық және америкалық әндерді де асқан шеберлікпен орындады.

Хабар 24 телеарнасы