383,69 432.40 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қытайда 2025 жылға қарай артық салмақты балалардың саны 50 миллионға жетеді

  • 492
  • UPD: 13:39, 04.01.2017

Семіздік мәселесі бойынша дүниежүзілік федерация мамандары осындай ақпар таратты.

Бұл хабарды естіген дәрігерлер дабыл қағып, ата-аналарға ескерту жасап жатыр. Қазір Қытайда балаларды артық салмақтан арылтатын спорт залдардың саны артты. Бірақ халық бұл мәселеге аса мән беріп отырған жоқ.

Даньдань 11 жаста. Салмағының ауырлығы сонша, ойын баласы әзер қозғалады. Сондықтан екі ай бұрын оның ата-анасы артық салмақтан арылтатын арнайы спорт мектебіне берді.

Хао Лян, баланың әкесі:

- Балам тамақты өте көп жейді, бірақ спортпен айналыспады. Біз мұны айтарлықтай мәселе деп ойламадық. Бірақ, бірде бізді мұғалім шақырып алып, баламның дәретханада орнынан тұра алмай қалып, сабаққа кешігіп кіргенін айтты.

Бір сағат жүгіру жолында, тағы бір сағат жаттықтырушының қадағалауымен белсенді қимыл-қозғалыс. Толық балаларға арналған спорт мектебінің тәртібі осындай.

Чжао Цзюнь, артық салмақты балаларға арналған арнайы спорт мектебінің жаттықтырушысы:

- Қазір оның етжеңділігі сондай, оңай жаттығулардың өзін әрең жасайды. Мен бала сіңірлерін созып немесе бір жерлерін сындырып алмай жаттығу жасауын қадағалаймын.

Мұндай жаттығу залдарына баратын Даньдань сияқты балалардың саны көбейген. 10 жасында салмағы 130 келіден асып кеткендер де бар екен.

Бүкіләлемдік семіздік мәселесімен күрес федерациясының мәліметі бойынша, Қытайдағы әрбір алты ұлдың біреуі, ал қыздардың 11-ден бірінде артық салмақ байқалады. Сондықтан дәрігерлер бұл мәселеге ертерек назар аудару керек деп есептейді. Өйткені бұлай кете берсе, 2025 жылға қарай Қытайда толық балалардың саны 48 млнан асып кетеді екен. Бұл Үндістан мен АҚШ-тағы семіз балаларды қоса алғандағы саннан да артық. 

Ван Кэсинь, дәрігер:

- Көптеген балалар фаст-фудты жақсы көреді. Күнделікті сол жерден тамақтанады. Құрамында қант мөлшері тым көп газдалған сусындарды суша сіміреді. Біз ата-аналарға семіздік мәселесі жайлы жиі айтуымыз керек. Әйтпесе экономика өсімімен бірге, артық салмақты балалар саны да көбейе түседі.

Қырық жыл бұрын Қытайдың бірқатар провинцияларын нағыз ашаршылық жайлады. Қысқа ғана уақыт ішінде Қытай экономикасы әлемде екінші орынға шықты, алайда халықтың жадында ашқұрсақ жүрген кездері сақталып қалды. Әсіресе қариялар сол уақытты ұмытар емес. Жалпы, Қытайда ежелден етжеңділік тоқшылық болып есептелген. Сондықтан әзірге артық салмақпен күресу оңай емес.

Авторы: Нұрбек Бекен

Хабар 24 телеарнасы