388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бішкек маңындағы Boeing-тің құлаған сәті куәгерлер көзімен

  • 580
  • UPD: 19:00, 16.01.2017

Бішкек іргесінде апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшігі табылды.

Құрылғы енді халықаралық авиациялық комиссия сарапшыларына жіберіледі. Ресми мәлімет бойынша, әуе апатынан 31 адам қаза тапқан. Арасында 6 бала бар. Тағы 9 жергілікті тұрғын жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Ал, 17 қаңтар елде аза тұту күні болып жарияланды.

Бүгін таңертең түріктің әуе компаниясына тиесілі ұшақ Дачи-Суу ауылында апатқа ұшырады. Елді мекен «Манас» әуежайына жақын орналасқан. Boeing-747 Галинаның үйінен бірнеше сантиметр жерге құлады.

Галина Целичева, жергілікті тұрғын:

- Біз ұйқыдан енді тұрып жатқан едік. Теледидардан мультфильм басталған. Көзді ашып-жұмғанша, ұшақ құлады. Шамамен 20 үй қирап қалды. Біздің шатырмыз ұшып кетті.

Құтқарушылар келгенше жапа шеккендерге жергілікті тұрғындар көмек көрсеткен.

Заирбек Жунусов, куәгер:

- Мен мына жерде ұшқышты тауып алдым. Шашына ақ түскен ер адам түрік тілінде сөйлеп жатты. Біз оның орындығының белбеуін кесіп, жерге жатқыздық. Ол есін біліп жатты. Артынша жедел жәрдем келіп, ұшқышты алып кетті. Кейіннен біз қирап қалған үйлерге барып, марқұмдардың денелерін таптық.   

Қазір Қырғыз Республикасының үкіметі қаза тапқандардың жақындарына көмек көрсету мәселесін қарастырып жатыр. Ұшақ тиесілі болған әуе компания өкілдерімен келіссөздер жүргізу жоспарланып отыр. Үйлері үйіндіге айналған тұрғындар қорғаныс министрлігіне қарасты қонақ үйге жайғастырылған. Психиологиялық көмек көрсету үшін онда дәрігерлер тобы жіберілген. Ал, апаттың нақты себебі әзірге белгісіз. Көлік және коммуникациялар министрілігі өкілдерінің хабарлауынша, аймақта ауа райы ашық болып, экипаж мүшелері ұшу-қону жолағын көре алған. Қазір «Манас» әуежайы жабық тұр. Қырғыз елінің премьер-министрі оқиға орнына барып қайтты. Оның жарлығымен арнайы комиссия құрылған. Ертең мамандарға шетелдік әріптестері қосылуы тиіс. Ал, бүгін елде аза тұту жарияланды.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Бақыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы