384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мали мен Нигерияда қайғылы оқиға болды

  • 591
  • UPD: 18:29, 19.01.2017

Өткен күндері Африка құрлығы екі бірдей қайғылы оқиғаны басынан кешірді.

Біріншісінде лаңкестер Малидегі әскери базаны нысанға алып, қанды қырғын жасаса, екіншісінде Нигерия әуе күштерінің қателігінен лагерьдегі жүздеген босқын құрбан болды.

Лаңкестер Малидің Гао қаласындағы әскери базаға шабуылды таңғы сағат 8-де жасаған. Бұл кезде 600-дей жауынгер сапқа жиналып жатыр екен. Жанкештілер қақпадағы бірнеше адамды қағып өтіп, сарбаздардың қасына жете бергенде жарылғыш толы көлікті жарып жібереді. Салдарынан 80-нен астам адам қаза тауып, 115-тей жауынгер жарақат алды. Құрбан болғандар арасында әскерилер мен бұрынғы бүлікшілер бар. Олар елдің солтүстігіндегі қарулы қақтығысты реттеу келісіміне сәйкес өңірді бірігіп бақылауды жүзеге асыра бастаған.

Али Джен, Мали қарулы күштерінің өкілі:

- Барлығы менің көз алдымда болды. Көлік қақпа жақтан кірді. Енді оған қарап не болғанын түсінем дегенше жарылды да кетті.

Лаңкестіктен кейін президент Ибрагим Бубакар Кейта қаза болғандардың туған-туыстарына көңіл айтып, елде 3 күн қаралы деп жариялады. Сондай-ақ, қанішерлерді тауып жазалауға күшін салатынын жеткізді. Ал қанды шабуылды «Әл-Каидамен» байланысты «Әл-Мурабитун» тобы мойнына алды. Бірақ Малидегі дағдарыс 2011 жылы Ливияда Муаммар Қаддафи құлатылған кезден-ақ басталған. Аласапыран кезде елге туарег тайпасының босқындары ағылады. Олар Малидің солтүстік бөлігіне орналасып, өзінің Азавад мемлекетін құрады. Бірақ кейін экстремистер келіп, оларды ығыстырып шығады. Қарулы қақтығыс содан бері тоқтамай тұр.

Абдулай Идриса Майга, Мали қорғаныс министрі:

- Өздеріңіз көріп отырғандай, өте көп адам қаза тапты. Мына қанды қырғыннан тұрғындардың соғыссыз жағдайда қалай өмір сүріп жатқанын көруге болады. Мұндай шабуыл бірінші рет болып тұр. Олар біздің бейбітшілігімізге нұқсан келтіурді көздегендер. Біз онымен бірігіп күресуіміз керек.

Ал бұл шабуылдан бір күн бұрын Нигерияның әскери әуе күштері Борно штатында босқындар лагерін қателесіп соққы жасайды. Салдарынан 100-ден астам адам қаза тауып, 200-ден астам кісі жарақат алады. Жапа шеккендердің арасында Қызыл крест өкілдері бар. Соққылар жанын әзер бағып отырған босқындарға тамақ таратып жатқан кезде жасалған. Әскерилердің айтуынша, ұшақ «Боко Харам» содырларын атқылауы тиіс болған екен.  

Хьюгес Роберт, «Шекарасыз дәрігерлер» қызметкері:

- Бұл аудан шалғайда орналасқан. Ондағы халық аш-жалаңаш, нашар жағдайда өмір сүріп жатыр. Енді, міне, жығылған үстіне жұдырық болып, мынадай қайғылы оқиғаға ұшырап отыр.

«Боко Харам» – батыс өмірін түбімен жоюды мақсат еткен лаңкестік ұйым. Олардың жендеттері Нигерияда ғана емес, көрші Нигер, Камерун, Чад елдерінде де қанды жорықтар жасап келеді. Ал 2015 жылы қарулы топ «Ирак және Левант лаңкестік ұйымына» ант беріп, қосылады.

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Жадыра Жазина

Хабар 24 телеарнасы