389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Кенияда дәрігерлер дау шығарды

  • 680
  • UPD: 15:05, 20.01.2017

Гаитиде дәрігерлер жаппай шеруге шықты.

Олар биліктен еңбекақы көлемін көтеруді талап етті. Мұның зардабын ауруханада емделіп жатқан қарапайым халық тартып отыр. Гаитидегі дәрігерлер Гиппократ антына адал болудан қалды. Олар қазір кәсіби қызметін емес, күнкөріс қамын күйттеп жүр. Осының кесірінен мемлекеттік ауруханалар дәрігері жоқ мекемеге айналды. Барлық медицина қызметкерлері жұмысқа емес, шеруге шығып кеткен. Бұған басты себеп - айлықтың шайлыққа жетпеуі.

- Егер үкімет еңбекақымызды екі есе көтеретін болса, біз наразылықты қазір тоқтатуға дайынбыз.

Наразы топтың әзірге тарқайтын түрі жоқ. Себебі денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері жиын ортасына келгенімен, жалақыны өсіру туралы тіс жармаған. Бұл елдегі медицина қызметкерлерінің айлығы соңғы 10 жылда бірде-бір рет көтерілмепті. Олардың шеруге шыққаны бұл ғана емес. Дәрігерлер өткен жылдың 5 айын осылай ереуілмен өткізген. Мұндай бей-берекетсіздіктен ең алдымен науқастар зардап шегіп отыр.

- Аяғым сынған, дәрігерлер рентгенге түсірді. Олар шеруде жүргендіктен операция жасалмай жатыр.

- Ауруханалар жұмыс істемей тұр, дәрігерлер шеруге шығып кеткен. Медициналық қызмет көрсетілмейді.

Медицина қызметкерлері наразылықтарын қабырғаға жазып та білдіріп жатыр. Дәрігерлердің қарауынсыз қалған науқастарды қазір туған-туыстары өз қамқорлығына алған. Бірақ кәсіби медицинадан мақұрым жандардың ем-домы қаншалықты шипалы болатыны белгісіз. Тіпті кейбір жалғызбасты науқастардың жәрдемдесетін жақын адамы да жоқ.

 

Авторлары: Ернат Қашқынов, Жадыра Джазина.

Хабар 24 телеарнасы