389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сирия халқының бейбіт күн көрмегеніне 6 жылға жуық уақыт өтті

  • 1275
  • UPD: 15:51, 26.01.2017

Сирия халқының бейбіт күн көрмегеніне 6 жылға жуық уақыт өтті. Әуелде белгілі бір аудандарда басталған қақтығыс бүгінде бүкіл әлемнің бас ауруына айналған. Кикілжіңді шешуге жаһан жұрты түгел жұмылды. Өйткені ондағы жағдай әбден ушығып, жантүршігерлік жауыздық көбейген.

Сириядағы қақтығыс 2011 жылдың наурызында басталды. Facebook әлеуметтік желісінде пайда болған белгісіз топ 15 наурызды «Ашуға булыққан күн» деп жариялады. Елді жауыздық жайлады. Ал осының бәріне билік оппозицияны, оппозиция билікті кінәлады. Ауызбірлік әлсіреген ұрымтал тұста террорлық топтар пайда болып, жаулап алған аудандарына өз ережелерін енгізе бастады. Мемлекетті гүлдендіреміз деп бас көтерген бүлікшілер көп ұзамай ішінен іри бастады. Қазір олардың бар мақсаты Башар Асад билігін құлату. Алайда одан кейін Сирия болашағын бірге құруға ешбірі құлықты емес. Өйткені соғыстан әрқайсының көздегені әр түрлі. Бүгінгі билікті құлатса, олар бір-бірімен соғысудан тайынбайды. Өйткені оларға әр түрлі ұйым қолдау көрсетеді. Жалпы Сириядағы қақтығысқа сырт елдерден көп күш қатысып жатыр. Оппозицияның бір ұстанымда болмауы осы уақытқа дейін жүргізілген келіссөзге кедергі келтірді. Өйткені билік делегациясының бейбіт мәмлеге келуі үшін кіммен келіссөз жүргізуі тиіс екенін әлі күнге білмейді. Түрлі деректерге қарағанда қарулы оппозиция құрамының 85 пайыз жауынгері - шет елдік. Олар әлемнің 70 елінен келген. Шындығында бұл кішігірім дүниежүзілік соғысқа ұқсайды.

Франк-Вальтер Штайнмайер, Германияның Сыртқы істер министрі:

- Біз Ирак елінің өкілдерімен сөйлесіп, «Ирак пен Левант» тобының идеологиялық беделін қалай түсіру жайын талдадық. Жастарды өз қатарына қосу үшін олар Ислам діні мен Құран атын жамылады. Осыған шек қоюымыз керек. 2013 жылдың жазында Сириядағы Азаматтық соғыс артынан әлемде жаңа лаңкестік топ «Ирак пен Левант» тобы пайда болды. Дәл осы кезеңнен бастап бұл жауыз топтың әскери қылмыстары жаһанның жағасын ұстата бастаған.

Франсуа Олланд, Франция президенті:

- Лаңкестік ұйым ешқандай шекараға қарамай, өзінше мемлекет құрмақ. Бұл ғалам үшін өте қауіпті. Оған жаһан жұрты түгел қарсы тұруы керек.

Енді мұнда бір кезде Башар Асадты құлату үшін біріккен оппозиция сынды «Ирак пен Левант» лаңкестеріне қарсы күш біріктірушілер қатары көбейді. Өздеріне қарсы шыққандарға содырлар террорлық актілер арқылы жауап қатты. Шабуылдарының денін бейбіт тұрғындарға бағыттады. Осылай болуы мүмкін екенін 2013 жылдың сәуірінде араб телеарнасының біріне берген сұхбатында Сирия президенті айтқан болатын.

Башар Асад, Сирия Президенті:

- 80-ші жылдары олар Ауғанстандағы «Әл-Каидаға» қолдау көрсетті. Бұл үшін жазасын тартты. Енді Сирия мен Ливиядағы лаңкестік топтарды қолдау үстінде. Бұл әрекеттері үшін де АҚШ пен Еуропа елдері жазаланатын болады.

2015 жылдың 31 қазанында Египеттен шыққан ұшақ Синай түбегінде құлады, 224 адам қаза тапты.

Дәл сол жылдың 13 қарашасында Париждегі стадион мен мейрамханаға шабуыл жасалды 130 адам қаза тапты, 350-ден астамы жараланған.

2016 жылдың 22 наурызында Брюссель әуежайы мен метро станциясында қанды қырғын болды. 34 адам мерт болып, 200-ден астамы жараланды.

Өткен жылдың 14 шілдесінде Францияның Ниццасы қаласындағы жағалау қанға боялды. 86 адам ажал құшты. 308-і жараланған.

2014 жылы әлемдегі босқындар саны 50 миллионнан асты. Басым бөлігі соғыстан қашқан Сирия азаматтары.

Біріккен Ұлттар ұйымының мәліметі бойынша 2015 жылы сириялық босқындар саны 4 миллионнан асқан. Ағылған көш Еуропа елдерін қорған салуға мәжүр етіп, Шенген келісімінің жүзеге асуына кері әсер етті. Қақтығыс кезінде бүлікшілер Сириядағы көне мұражайдың үштен бірін және 20-дан астам археологиялық нысанды тонады. Түскен ақшаны қару-жарақ алуға жұмсаған. Пальмирадағы көне нысандардың қирауы әлем жұртының өзегін өртеді. Ең сорақысы, қақтығыстан бейбіт тұрғындар қаза тапты.

2015 жылдың ортасында Сириядағы адам құқығын қорғау орталығының берген есебінше қақтығыстардан 300 мыңға жуық адам мерт болды. Оның 12 мыңы - бала. Бұл тек санаққа ілінгені ғана. Өйткені 2014 жылдың 7 қаңтарынан бастап Біріккен Ұлттар ұйымының адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары Сирияда қаза тапқандарды санауды тоқтатқан. Себебі сенімді ақпарат көзі жоқ. Сирияда басталған көтерілістер соңы қантөгіске ұласқаннан кейін, халықаралық қауымдастық осы жанжалды тоқтатуға тырысып бағуда. Осыған дейін Женева, Лозанна, Вена мен Мәскеуде өткен келіссөздер айтарлықтай нәтиже берген жоқ. Дегенмен халықаралық қауымдастық Сириядағы соғыстың аяқталуынан үміт үзбей, қолдағы бар мүмкіндікті қолдануға ниетті.

2012 жылдың 23 ақпан күні Біріккен Ұлттар Ұйымы Сирия бойынша арнайы өкілі етіп Коффи Аннанды тағайындаған. 30 маусымда алғашқы халықаралық конференция өтті. «Женева-1» деп аталатын басқосуда Коффи Аннан Сирия бойынша мәселе көтерді. Кездесу нәтижесінде шиеленісті реттейтін негізгі шарттар белгіленген Женева коммюникесі қабылданды. Конференция жұмысына қатыспаған қос тарап та осы шарттарды орындауға ниетін білдірмегеннен кейін, Коффи Аннан өз еркімен қызметінен кетті. Оның орнына алжирлік дипломат Лахдар Брахими тағайындалды. Осы кезде Сирияда химиялық қару қолданғаны белгілі болып, елге шетелдік басқыншылық қаупі төнген. Ресейдің дипломатиялық қимылы арқасында, Башар Асад жойқын қарудан өз еркімен құтылуға келісіп, басқыншылық қатері сейілді. «Женева-2» деп аталған басқосу 2014 жылдың 22-і мен 31 қаңтар аралығында Монтрё қаласында өтті. Алғаш рет конференцияға Сирияда жауласқан қос тараптың өкілдері қатысқан. Бұл кездесу де еш нәтиже бермеді. Соғыс өрті өршіп, жаңа құрылған Ирак пен Леванттағы лаңкестік топ біраз жерді басып алған. 2015 жылдың қаңтар айында Мәскеуде 28 оппозициялық топтың өкілі қатысқан кеңес өткен. Бүкіл әлемді мазалаған шиеленісті реттеуге Қазақстан да өз үлесін қосты. Астанада сириялық оппозиция топтарының екі кездесуі өткен болатын. 2015 жылдың мамыр айында өткен алғашқы кездесуде астаналық декларация қабылданған. Бұл құжат лаңкестіктің барлық түрлерін айыптап, бүкіл шетел жасақтарын елден шығаруға шақырған. Келіссөздердің екінші кезеңі қазан айында өтті.

Ерлан Ыдырысов, Қазақстанның сыртқы істер министрі /2012-2016/:

- Қазақстандық тараптың басты мүддесі біз осы елге тыныштық әкелуді қалаймыз. Елбасы да осыны көздейді.

2015 жылдың күзінде Ресей Сирияда әскери қимылын бастады. Қазан айының отызында Венада Сириядағы шиеленісті реттеу бойынша сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтіп, оған 19 мемлекеттің делегациясы қатысты. Келіссөздер нәтижесінде қабылданған құжатта Сирия біртұтас егемен мемлекет болып қалатыны және діні мен ұлтына қарамастан бүкіл сириялықтардың құқықтары сақталу керектігі айтылған. Алайда Башар Асадтың болашағы жөнінде ымыраға келген жоқ. Бұл форум да мәселенің шешімін тапқан жоқ. Лаңкестер Сирия аумағынан шығып, Ирактың едәуір жерін басып алды. Бейбіт келіссөздер өтіп жатқанда, содырлар Брюссельде террорлық шабуыл жасаған. Ал 2016 жылдың 13 сәуірінде Женевада сириялық келіссөздердің тағы бір кезеңі басталды. Тараптар қайтадан Башар Асадтың болашағы жөнінде тіл табысқан жоқ. Астаналық процесс - Сирия соғысын тоқтатуға бағытталған тағы да бір әрекет.

Сергей Лавров, РФ сыртқы істер министрі:

- Қазақстан Сирия дағдарысының шешімін табуына ат салысып келеді. Келіссөзге қатысатын қай тарап үшін болмасын, Астана талқылау өткізетін ең оңтайлы алаң. Бұл кездесудің басты жетістігі - оппозиция мен биліктің бір жерде пікір алмасуы. Осыған дейін ондай болған емес.

Астанадағы кездесудің басты ерекшелігінің бірі Сирия жерінде шайқасып жүрген оппозиция топтары өкілдерінің келіссөзге қатысуы болып тұр.

Авторы: Талғатбек Әбдіқожаев.

Хабар 24 телеарнасы