389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғызстанда қымбат көліктері барларға 300 долларға дейін салық салынуы мүмкін

  • 465
  • UPD: 17:57, 06.02.2017

Қырғызстанда қымбат көліктерге салынатын салық мөлшері жылына 300 долларға дейін артпақ.

Тиісті заң жобасы қазір Парламенттің қарауында жатыр. Жаңа заң қозғалтқыш көлемі 3 литрден әрі шығарылған мерзімі жеті жылдан асатын темір тұлпарларға қатысты.

Бұл елде қозғалтқыштың көлемі үш литрден асатын көліктің үлесі үш пайызды құрайды. Яғни нақты сандарды сөйлетсек, оның саны 100 мыңнан аспайды. Енді осы темір тұлпарларға салынатын салықтың мөлшері қозғалтқыштың көлемі мен шығарылған мерзіміне байланысты болмақ. Демек, жүргізушілер жылына 300 долларға дейін төлем жасауы мүмкін.

Игорь Сайфулин, жүргізуші:

- Құны 100 мың доллардан асатын көлік саны жыл сайын артып келеді. Бұл темір тұлпарлардың иелері осыншама салық төлеуге қауқарлы деп ойлаймын.

Қымбат көліктерге салық салынатын болса, жылына ел қазынасына 190 млн сом қаржы түседі, деп топшылап отыр Экономика министрлігі. Бұл шамамен 1 млрд теңге. Осылайша шенеуніктер әлеуметтік әділет орнатпақ. Мұнымен Парламент депутаты Дастан Бекешев те келіседі.

Дастан Бекешев, ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты:

- Мен былай істеуді ұсынып отырмын. Көлігіңмен қанша жүрсең, сонша төлеу керек. Яғни көп бензин құйдың ба, сәйкесінше салық төле. Өйткені біздің қоршаған ортамыз жыл сайын нашарлап келе жатыр. Оған осы көліктердің зиянды заттар шығаруы себеп.

Қымбат көліктерге салық салу туралы заң жобасын депутаттар алғашқы оқылымда қабылдады. Айту керек, қозғалтқыш көлемі үш текше метрден асатын, бірақ «люкс» санатына жатпайтын көліктерге жаңа салықтың қатысы жоқ.

Авторы: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы