388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркия парламенттік басқару жүйесінен президенттік билікке ауысуға дайындық үстінде

  • 4454
  • UPD: 09:46, 14.02.2017

Түркияда басқару жүйесін өзгертуді ұсынатын конституциялық реформа бойынша жалпыхалықтық референдум сәуір айының 16-сы күні өтеді.

Алайда қазірдің өзінде елдегі барлық саяси партия мен қоғамдық ұйым мемлекеттік маңызы зор ауқымды шараға білек түріп кірісіп кетті. Конституцияға қандай өзгерістер енгізілмек және оған деген жергілікті халықтың пікірі қандай?

Түркия республика тарихында тұңғыш рет парламенттік басқару жүйесінен президенттік билікке ауысуға тас-түйін дайындалып отыр. Алайда мемлекет басшысының құзыретін кеңейтетін құжат мәжіліске ұсынылған бойда парламент пен қоғам ішінде қызу талқыланып, күн тәртібіндегі ең өзекті тақырыпқа айналды. Тіпті бұл мәселеге келгенде жекелеген депутаттар бір-бірімен сөз қағыстырып, жаға жыртысуға дейін барды. Жалпы конституциялық реформа президентке жарлық шығаруға, үкімет құрамын жасақтауға, партиядағы саяси мансабын жалғастыруға және төтенше жағдай жариялауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жаңа құжатта мәжілістегі депутаттардың санын 550-ден 600-ге ұлғайту, парламент сайлауына түсетін үміткерлердің жас мөлшерін 25-тен 18 жасқа дейін қысқарту, президент пен парламент сайлауын бір күнде әр бес жыл сайын өткізу қарастырылған.

Әли Шекер, Түркия Ұлы ұлттық мәжілісінің депутаты:

- Құқықтық мемлекет, демократиялық ел. Басқару формасы республикалық. Бірақ мұның барлығы бір-ақ сәтте толығымен жойылып кетпек. Өйткені біз тұрақсыз, болашағы бұлыңғыр бір кезеңге аяқ басқалы жатырмыз. Осы хал-ахуалымызды халыққа дұрыстап жеткізе алсақ, онда олар бұл өзгертулерге «жоқ» деп жауап береді деп ойлаймын.

Осылайша, оппозициялық партиялар референдумда халықты «жоқ» деп дауыс беруге үндеп отыр. Ал атқарушы билік керісінше «иә» деген сөзді саяси доданың ұраны етіп таңдап алды. Осыған байланысты, қазір қоғамдық орындар мен әлеуметтік желілерде түрік эстрадасының жұлдыздары, әлемге танымал Арда Туран, Бурак Йылмаз сынды футбол ойыншылары мен түріктің белгілі саясаткерлерінің қатысуымен «иә» сөзін трендке айналдыру шарасы қарқынды жүріп жатыр.

Акиф Чагатай Кылыч, ТР Жастар және спорт министрі:

- Қуатты Түркияға «иә» деп мен де қосыламын, құрметті әріптесім Мевлют Чавушоглы, сен не дейсің?

Мевлют Чавушоглы, ТР Сыртқы істер министрі:

- Қадірлі әріптесім, хатыңызды алдым. Түркияның жарқын болашағы мен тұрақтылығы үшін мен де «иә» деймін!

Ыстамбұл университеті заң факультетінің профессоры, 30 жылдан бері Конституция және азаматтық құқық сабақтарынан дәріс оқып, 11 кітап жазған Ферман Демиркол елдегі саяси реформаларға қатысты пікір білдірді. Сарапшының айтуынша, Түркияда болған экономикалық дағдарыстардың дені президент пен премьер-министрдің арасындағы өзара дау-дамайлардан туындаған. Ал Конституцияға енгізілген жаңашылдықтар билік басындағы талас-тартысқа нүкте қояды.

Ферман Демиркол, Ыстамбұл университетінің профессоры:

- Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды. Түркияның саяси жүйесі бұл мақалдың растығын баяғыда-ақ дәлелдеп қойды. Мысалы қазір бізде мәжілістің қолдауына ие бір премьер-министр және жалпыхалықтық сайлауда жеңіске жеткен ықпалы зор президент бар. Жарайды, әзір олар бір партиядан шыққан үзеңгі жолдастар, араларында теке-тірес болмайды делік, ал ертеңгі күні билік басына ұстанымдары мен саяси көзқарастары мүлдем керағар саяси тұлғалар келсе не болмақ?! Міне, осындай келеңсіз жайттардың алдын алу үшін және өткен қателіктерді қайталамау үшін жаңа Конституцияға сәйкес мемлекет басшының құзыреті анағұрлым артады. Осылайша, Түркияда билік тізгіні президентке беріледі.

Түрік халқы 16 сәуірде өтетін тағдыршешті референдумда ел ертеңін айқындайды. Түркия орталық сайлау комитетінің хабарлауынша, алда болатын жалпыхалықтық референдумда республика бойынша 55 миллионнан аса азамат дауыс бере алады. Ол үшін ел ішінде 164 мың сайлау жәшігі орнатылмақ. Ал біз саяси науқан алдында елдегі басқару жүйесін өзгертуді көздейтін конституциялық реформаға қатысты жергілікті халықтың ой-пікірін де сұрап көрдік.

Феяз Калья, Ыстамбұл қаласының тұрғыны:

- Мен референдумда саяси реформаны қолдап, «иә» деп дауыс беремін. Өйткені мен уайым-қайғысыз өмір сүргім келеді. Бұл жолы қайдан бомба жарылады екен деп, қорқыныш пен үрейде жүргім келмейді. Сол үшін мемлекетіміздің президенттік басқару жүйесіне өтуін дұрыс деп бағалаймын.

Сүлейман Герчек, Ыстамбұл қаласының тұрғыны:

- Менің ұстанымым «жоқ». Себебі елдің тағдырын бір адамның қолына ұстатып қоюға болмайды. Оның үстіне мұндай құзірет Ататүрікке де берілмеген, одан басқа кім лайықты?!

Түркия тарихында Конституцияға өзгеріс енгізу бойынша 6 мәрте жалпыхалықтық референдум өтіпті. Оның 5-уі «иә», ал бір ғана референдум «жоқ» деген нәтижемен аяқталған. Дегенмен, осы жолғы саяси реформа өте күрделі. Өйткені ол Түркия республикасы құрылған 1923 жылдан бергі мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі ауыстырмақ. Сондықтан түрік үкіметі мен оппозициясы соңғы шешімін анықтайтын халыққа қазірден бастап «иә» мен «жоқты» айтқызуға барын салып жатыр.

 Авторлары: Ержан Жүніс, Седат Денли 

Хабар 24 телеарнасы