387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украиналықтар жылуға негізсіз көп ақша төлейтіндіктеріне шағымданды

  • 457
  • UPD: 10:07, 15.02.2017

Украинада қытымыр қыстың әлегі аздай жылу да күрт қымбаттады.

Тұтынушылардың алды төлемақыға айына 300 доллар жұмсайды. Коммуналдық мекеме алдында карызға белшеден батқан Киев тұрғындарының берешегі бүгінде 40 миллион доллардан асып жығылған.

Украинада биылғы қыс жылу ақысының астрономиялық шарықтауымен елдің есінде қалса керек. Мұны ел Үкіметі де жоққа шығармайды. Әуелі Еуропалық Одақ пен Халықаралық валюта қорының ықпалымен елде жылу тарифі 2,5 есеге өсті. Бұл аздай қытымыр қыстың ортасында баға тағы да қымбаттады. Салдарынан тұрғындардың тұрмысы тұралай бастады. Киевтік Мария 63 шаршы метрлік пәтерінің жылу ақысына тек желтоқсанның өзіне 150 доллар төлегенін айтып ашынады. Бұл қараша айына қарағанда алты есеге артық. Бірақ гигакалорияның бағасы өспегенімен, оны тұтыну айтарлықтай көбейді.

Мария, Киев тұрғыны:

- Біз не үшін төлейтінімізді білуіміз керек. Себебі осыншама ақша төлейтіндей пәтеріміз Африкадағыдай болып тұрған жоқ. Яғни біз 18-20 градуста, 36 күнде 3-те 33 гигакалория пайдаландық. Менің ойымша, бұл өте көп.

Алексей, Киев тұрғыны:

- Біз төлейміз. Бірақ бізге жігіттер келіп, жаңа есеппен түбіртек береді.

Мария мен Алексей тұрып жатқан үйдің салынғанына жүз жылдай уақыт болды. Ғимарат өте жылы, қабырғаларының қалыңдығы бір метрге жетеді. Жылу энергиясының сапасы төмен болғанымен, тұрғындардың тұтыну ақысын неге көп төлейтіндігін жабдықтаушы мекеменің өкілдері түсіндірді.

Алексей Фоменко, «Киев жылу желілері» ПАО «Киевэнерго» директорының орынбасары:

- Айталық, сіз барлық үш пәтерді косып, бір пәтер жасадыңыз. Егер сіз жылыту құрылғыларын сол қалпында қалдырсаңыз, жағдай өзгермес еді. Бірақ сіз лоджияға жылыту құралын орнатып, қосымша еден жылытқыш қоссаңыз, әдеттегіден де көп төлейсіз.

Жылуды жасырын, яғни шамадан тыс пайдаланса да, онысын көрсеткісі келмейтіндер де көп. Оларды әшкерелеу үшін арнайы тексеріс жүргізу керек. «Киевэнерго» мамандарының айтуынша, үйдің ішіне кіріп, еденнің жылы екенін және қосымша жылыту құралының тұрғанын қарауға заңмен тыйым салынған. Сонымен қатар сол үйде орналасқан дүкендердің кінәсі бар. Себебі олар жылуды ешкіммен келісімшартқа отырмай пайдаланады. Бұл үшін ақыны үй тұрғындары төлейді. Сарапшылар бұған энергетикалық секторды жекенің қолына беріп отырған үкіметті кінәлайды.

Алексей Кучеренко, Тұрғын үй экс-министрі:

- Шын мәнінде бұл монополистер осы құқықтық вакуумды пайдаланып отыр. Олар үкімет пен ұлттық реттеуші де осы схемаларды қамту арқылы экономикалық сипаттағы белгілі бір саяси келісімдерді пайдаланып, өз миссияларын орындамайды.

Сарапшылар украиналықтарды негізсіз жылуға көп ақша төлеп, шығынданбауға шақырады. Ал энергиямен жабдықтаушы ұйымдар, өз кезегінде, қайта есеп жүргізбек.

Авторлары: Анна Панащук, Михаил Мищенко

Хабар 24 телеарнасы