384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мюнхенде қауіпсіздікке байланысты дәстүрлі конференция өтіп жатыр

  • 1509
  • UPD: 20:46, 18.02.2017

Германияның Мюнхен қаласында қауіпсіздікке байланысты дәстүрлі конференция өтіп жатыр.

Бавария аумағының орталығына әлемнің әр қиырынан 700-дей өкіл келді. Қазақстан атынан Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

Бұл – қауіпсіздікке байланысты жасалынған 53-ші конференция. Күн тәртібінде өте маңызды сұрақтар. Делегаттар жалпы адамзатқа ортақ қауіпсіздікті талқылауда. Негізгі тақырыптар: киберқауіпсіздік, терроризммен күрес және экстремизм. Осы кезге дейін жалпы 160 екіжақты кездесу өтті. Армения мен Әзірбайжанның Сыртқы істер министрлігінің басшылары Таулы Қарабахқа байланысты келісімге келуі дайын екендіктерін айтты. Сонымен қатар Украинаның шығысындағы шиеленісті жағдайдың шешімі де көзделген. Босқындар мәселесі де қараусыз қалмады.

Ангела Меркель, Германия канцлері:

- Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қазір әлемде босқындар саны күрт көбейді. Бұл гуманитарлық мәселе. Оны шешу біздің басты мақсатымыз. Мюнхен конференциясында осы ауқымды ахуал негізгі түйіткіл болады.

Сонымен қатар алқалы жиында Сириядағы қақтығыс назардан тыс қалмайды. Мамандардың айтуынша, бұл жөнінде алғашқы қадам Астанада жасалды. Неміс саясаттанушылары Қазақстан Сирия бойынша маңызды іс атқарды деп есептейді.

Маттиас Дорнфельдт, саясаттанушы (Германия):

- Астанада өткен конференция Сириядағы жағдайды реттеуге жасалынған даңғыл жол болды. Екі жақ та қантөгістен шаршап, ынтымақтасқысы келеді. Бұл мәселеле Германия үшін де маңызды. Себебі, біздің елге сириялық босқындар тоқтаусыз ағылуда. Қазақстан халқы мен билігі Сирия мәселесін қарастыруы үлкен адамгершілік дер едім.

Пікірталас ертең де жалғасын табады. Ал әзірге келген қонақтар әлемдік қауіпсіздік жайында сөз қозғайды. Олардың Мюнхен конференциясындағы қауіпсіздігін 4 мың полиция қызметкерлері бақылайды.

Айта кеткен жөн, тәртіп сақшылары өткен жылғыға қарағанда анағұрлым көп.

Авторлары: Ермұхамед Мәулен, Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы