384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жануарлар мен құстарды ұстап-сипауға рұқсат етілген дәмхананың төңірегінде дау шықты

  • 674
  • UPD: 18:56, 03.03.2017

Жануарлар мен құстарды ұстап-сипауға рұқсат етілген дәмхана.

Жапон халқы арасында осындай орындар үлкен танымалдыққа ие болып келеді. Алайда зооқорғаушылар тарапынан айтылып жатқан сын-ескертулер бұл мекемелердің жұмысына тұсау салуы мүмкін. Жануарларды қорғау ұйымы өкілдерінің наразылығын тудыруға не себеп?

Токиодағы мына дәмханада 8 үкі бар. Келушілер оларды тек сырттай көріп, тамашалаумен қатар қолмен ұстауына да болады. Тіпті бұл құстарды ұшып ұстатпай кетпеуі үшін аяғынан байлап та қойған. Келген жұртқа қызық болғанымен, дәмхана иелерінің бұл әрекетіне жануарларды қорғау ұйымының белсенділері қарсы. Өйткені қанаттыларды дәмханада бұлай ұстау олардың жүйке жүйесіне кері әсер етеді. Жалпы, бұл құстың түнде көру және есту қабілеті жақсы дамыған. Олар қауырсындарын жұлып, бір орында байыз тауып отыра алмайды. «Шамы жарық, адам лық толы орындарда өздерін нашар сезінуінің себебі де осы», - дейді зооқорғаушылар.

Чихиро Окада, Токиодағы жануарларды қорғау жөніндегі орталығының өкілі:

- Былтыр Токио бойынша осындай дәмханаларда ұсталған 7 үкі өліп қалған. Әдетте адамдар жануарларға қатыгездік көрсетуді оларды ұрып-соғу деп ойлайды. Алайда құстардың тіршілік етуіне бейімделмеген орындарда ұсталуын да қатыгездіктің бір түріне жатқызуға болады.          

Ал келушілердің көңілін тауып, табыс тауып отырған зоодәмхана иелерінің де айтар өз уәжі бар.

Ая Матсуда, дәмхана әкімгері:

- Біздің дәмханада үкіні бағып-қағатын арнайы адам бар. Ол келушілерге құстарды қалай ұстап-сипауға болатынын түсіндіреді. Қанаттылардың шаршаған уақыты жайлы ескертеді. Алайда Токиодағы дәмханалардың бәрінде бірдей мұндай құс күтуші бола бермейді. Өйткені қызметкерлер жетіспейді.

Жалпы, Жапонияда үкі сәттіліктің нышаны саналады. Құстың бұл түрі ұсталатын дәмханалардың үлкен танымалдыққа ие болуының себебі де осы. 

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Жадыра Джазина

Хабар 24 телеарнасы