384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қытайда жастарды таныстыру арқылы пайда табу кәсібі дамып келеді

  • 1003
  • UPD: 18:10, 04.03.2017

Қытайда қалыңдық пен күйеу бала көрмесі жиі өткізіліп тұрады.

Кәсіби жеңгетайлар жалғызбасты қытайлықтарға жар тауып, отбасын құруға көмектеседі екен. Жыл сайын бұл елде тұрмысқа шықпай, отырып қалған қыздар көбейген. Сондықтан оларға ата-аналары көмектесуге тырысады.

Қытайда «балам өмірлік теңін тезірек тапсын» деп, күйеу бала мен келін іздейтін ата-ана көбейген. Мұндай тілекшіл қарттарды демалыс күндері орталық саябақтан кездестіресіз. Бейжің қаласының тұрғыны Юй Шинруң, Юй Юй есімді 38 жастағы қызына жар іздеп жүр. Келешек күйеу баласына талабы жоғары. Табысы жақсы, мінезі жұмсақ жанға қызымды аттастырсам деген дәмесі бар.

Юй Шинруң, Бейжің қаласының тұрғыны:

- Күйеу бала жоғары білімді болу керек. Жоғары білімі жоқ болса да, оның қандай жұмыс істейтінін, отбасын асырау мүмкіндігін бар-жоғын анықтаймыз. 3-5 жас айырмашылығы болғанын қалаймын. Ең бастысы жақсы жұмысы бар жігіт керек, басқаларын қабылдамаймын. Менің қызым айына 5-6 мың юань табыс табады.

Мұндай танысу бұрышы Қытайда алғаш рет 2004 жылы Чэнду шаһарында пайда болған. Бейжіңдегі бұл саябаққа сүрбойдақ ұлы мен оңжақта отырған қыздары бар қариялар аптасына екі рет келеді. Қағазға суреті жапсырылады. Тіпті, әлеуметтік жағдайы сипатталып, үй-күйі туралы да мәлімет те жазылады. Теңін тезірек кездестірсе дегеннен гөрі ауқатты жерге тап болса екен деген ниет басымырақ.

Вань Хайжунь, Бейжің қаласының тұрғыны:

- Болашақ күйеу балама қоятын талабым – Бейжіңде тұрақты тіркеуі және баспанасы болуы керек. Басқа да шарттарымды мына қағазға жазып қойдым. Қызым Бейжіңде жұмыс істейді, оның уақыты болмаған соң күйеу баламды өзім іздеуге шықтым. Әзірге дейін әлеуметтік желілерде xабарласып жатқандар көп.

Жастарды таныстыру арқылы пайда табу кәсібі де дамып келеді. Арнайы кештер ұйымдастырылады. Таяуда Бейжің қаласындағы 5 жұлдызды қонақүйлердің бірінде өткен осындай шараға 10 бойжеткен қатысып, өзіне жар таңдады.

Сяо Лэ, кездесуге қатысушы:

- Мен күйеуге шығуға асықпаймын. Бірақ әке-шешем отырып қалдың деп асықтырып жатыр. Жеке өміріме жұмыстан қолым босамайды. Сондықтан тезірек тұрмыс құратын адам жолықтырсам деп, осы шараға қатысуды ұйғардым.

3 сағаттық кездесу шарасына әр адам 400 юань немесе 20 мың теңге ақы төлеп кіреді. Бастапқыда әркім өзі жайлы қысқаша айтып берген соң жұп-жұп болып ойындарға қатысады. Көңілдері жарасып жатса, отбасын құрады. Кешті ұйымдастырушылар көп дайындалғанын айтады. Бірінші кезекте әлеуметтік жағдайларына қарай жастарды іріктейді.

Кевин Сюй, таныстыру клубының жетекшісі:

- Бұл бизнеспен айналысқаныма 4 жыл. Клиенттің дені - жоғары білімді жалғыз басты жігіттер мен қыздар. Танысуға келгендер алдымен сауалнама толтырады. Сол бойынша біз зерттеу жүргізіп, мәліметтердің дұрыстығын тексереміз. Олардың әлеуметтік жағдайы мен түр-келбетіне мән береміз.

Қытайда күнделікті күйбең тірліктен босап, сүйіктісін табу жастар үшін қиындай түскен. Оның үстіне сүрбойдақ саны көбейіп отыр. Өткен жылғы статистика бойынша Қытайда әрбір 100 әйелге 105 еркектен келеді. Теңсіздікті шешу үшін 2002 жылдан бері ультрадыбыстық зерттеу арқылы құрсақтағы баланың жынысын анықтауға тыйым салынды. Былтырдан бері әр отбасына 2 перзент сүюге рұқсат берілді.

Авторлары: Н.Бекен, Ж.Сүй

Хабар 24 телеарнасы