389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украиналықтар Еуропаға визасыз кіруге рұқсат алды

  • 470
  • UPD: 20:40, 09.04.2017

Украина Еурооадақ елдеріне визасыз кіруге рұқсат алды. Еуропарламенттің 521 өкілі осы шешімді қолдап дауыс берді.

Енді Еуроодақ кеңесі құжатты заңды түрде бекіткеннен кейін украин азаматтары Еуропаға емін-еркін кіре алады. Алайда визасыз жүйе Украина халқының барлығына бірдей қатысты емес.

Украиналықтар 12 маусымнан бастап Еуропаны еркін аралай алады. Жарты жылға созылған келіссөздер Киевтің пайдасына шешілді. Украина билігі визасыз жүйеге қол жеткізу үшін 150-ге жуық талапты орындауға мәжбүр болды. Енді зейнетақы, жер нарығы, мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру секілді реформалар күтіп тұр.

Петр Порошенко, Украина Президенті:

- Еуропарламенттің шешімі еркін саяхат пен тегін жүруден бөлек, украин азаматтығының мәртебесін көтереді. Бұл Украина Еуропаның өркениетті кеңістігіне енгенін дәлелдейтін көрініс. Біріккен Еуропаның бір бөлшегіміз деген сөз.

Еуропада тек биометриялық куәлігі бар азаматтар еркін жүреді. Украинада мұндай құжат үш миллион халықта ғана бар. Ал өзгелер көші-қон қызметінің нашар жұмыс істеуіне байланысты әзірге куәлікке қол жеткізе алмай отыр. Еуропаны аралау үшін барып-қайтар жолыңа арналған билетің қалтаңда болып, алдын ала қонақ үйден орын алып, медициналық сақтандыру мен шақыру қағазы керек. Төлем қабілетіңді растайтын құжат та сұралады. Бірақ мұның бәрі украиналықтарға кедергі емес.

Александр, Киев тұрғыны:

- Украинаның визасыз жүруге рұқсат алуы айтуға тұрарлық жетістік. Себебі енді біз Еуропа елдерінің азаматтарымен тең дәрежедеміз, еуропалықтар елімізді құрметтейтін болады. Бірақ осы қуанышымызды әкімшілік кедергілер су сепкендей баса ма деген қауіп бар.

Украинаға берілген визасыз жүйенің бірыңғай ережесі жазылған жоқ. Әр елдің өз аумағында қандай да бір шешім шығаруға құқы бар. Сондықтан мамандар украин азаматтары еуропаның сенімін ақтауы керек дейді.

Ирина Сушко, «Кедергісіз Еуропа» қоғамдық ұйымының атқарушы директоры:

- Визасыз жүйеге кіру үшін Украина билігінің табанды іс-қимылы қажет еді. Біз күткен шешім шықты. Енді оны сақтап қалуға украин азаматтары мен билік бірдей жауапты болмақ. Визасыз жүруде тәртіпсіздікке бой алдырмасақ, еркіндік ұзағынан болары сөзсіз.

Давид Стулик, Еуроодақтың Украинадағы өкілдігінің баспасөз хатшысы:

- Украиналықтар визасыз жүру арқылы демалыстарын Еуропа елдерінде өткізе алады. Бұл дұрыс. Алайда көпшілік еркін жүріп-тұруды жұмыс іздеуге ашылған мүмкіндік деп қарайды. Бірақ визасыз жүйеге мұның қатысы жоқ.

Украиналықтар жүйенің күшіне енгенін күтіп отыр. Ал Еуропалық одақ пен сыртқы істер министрлігінің өкілдері азаматтар үшін визасыз жүріп тұрудың ережесіне қатысты ақпарат әзірлеп жатыр.

Авторлары: Анна Панащук, Михаил Мищенко

Хабар 24 телеарнасы