389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақ музыканттары словак көрермендерін таңғалдырды

  • 700
  • UPD: 08:12, 18.02.2018

«Көзімнің қарасы», «Кармен», «Сарыарқа». Біздің музыканттарымыздың репертуары көрермендерді шынымен де таң қалдырды.

Тек белгілі классикалық ғана емес, сондай-ақ қазақтың ұлттық туындылары тыңдармандарды еріксіз баурап алды. Жас музыканттар Братислава филармониясында алғаш рет өнер көрсеткенімен, көптің қошеметтеріне бөленіп, көңілдерінен шықты.

Петер Марчек, Словакия парламентінің депутаты:

- Ұлттық əндер біздер үшін сөзбен жеткізе алмайтындай ерекше əдемі. Бізде мұндай жоқ. Сіздердің ұлттық əндеріңіз өте əдемі. Сондықтан мен əдемі əнді орындағаны үшін қатты қуандым. «Жарайсыңдар» деп айтқым келеді! Бəрі өте əдемі!

Ольга Нахтманнова, Білім, зерттеу және спорт министрлігінің мемлекеттік хатшысы:

- Музыканттар өте әсерлі ойнады. Бұл олар үшін тек ғана жұмыс емес екені сезіліп тұрды. Менің тағы бір байқағаным олар бүтіндей нотасыз ойнады. Бұған дейін мен мұндайды көрмеген едім. Тағы бір қызығы, дирижер де нотасыз болды және одан үздіксіз энергия сезіліп тұрды. Мен өте жағымды әсер алдым.

Қазақ домбырасы мен жетіген, шаңқобыздың керемет үні словак көрермендерін бей-жай қалдырмады. Олар әрбір номерді демдерін ішіне тарта отырып тыңдады. Словак халқы осы музыка арқылы шексіз қазақ даласын көз алдына елестетіп, біздің тарихымызға бойлағандарын айтады.

Сәулебек Алиханұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚазҰӨУ-ның профессоры:

- Қазақтың халық әндері, күйлері, осының барлығы студенттеріміздің орындауында халыққа ұсынылды. Өз басым көрерменмен бірге көре өтырып, концертті сыртынан шынында да көрерменнің жүрегіне жеткенін көрдім. Бұл домбыра деген аспапты бірінші рет тыңдап отырған адамдар бар. Ал енді күйдің өзінің осындай мазмұнды, мәнді қаншалықты музыкалық күш-қуаты бар екенін көрермендер бірінші рет көріп отыр.

«Словактар да қазақстандық көрермендерді өз мəдениетімен таң қалдырамыз» деп уəде берді. ЭКСПО кезінде «Лучница» ұлттық-фольклорлы ансамблі Астанада өнер көрсетеді. Ұжым эксклюзивті бағдарламаласын паш етуге дайын.

Мариан Турнер, «Лучница» ансамблінің директоры:

- Біз де Словакияның барлық өңірінің ұлттық мəдениетін көрсетеміз. Біз ұлттық киімімізбен, өзіндік бағдарламамызбен келеміз. ЭКСПО қонақтары ұлттық аспаптарымызбен жақынырақ таныса алады. Мысалы, фуяраның дыбысын ести алады. Бұл словак флейтасы. Сондай-ақ біздің биімізді тамашалай алады.

Қазақстан мен Словакияда тек мəдени алмасу ғана емес, екі ел арасында парламентаралық ынтымақтастық та жақсы дамыған. Словак бизнесмендерінің айтуынша, ЭКСПО көрмесі екі ел арасындағы қатынас үшін жаңа серпін береді. Серіктестер осы маңызды жобаның экономикалық байланыстарды кеңейтетініне сенімді.

Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы