386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркиядағы өнер фестивалі кезінде 28 киіз үй тігілді

  • 1071
  • UPD: 09:49, 17.05.2017

Түркияда халық ойындары мен мәдениет фестивалі өтті. Айтулы шара биыл Ыстамбұл қаласында,, екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Оған этно-мәдени бірлестіктер мен түрік елінің 7 аймағынан келген спорт және өнер майталмандары қатысты.

Фестиваль аясында Түркиядағы қазақ диаспорасы халқымыздың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрін жергілікті халыққа тамашалап келген шетелдік туристерге көрсетіп, кеңінен таныстырды.Халық ойындары мен мәдениет фестивалі биыл 843 спортшының басын қосты. Олар мангала, көкпар, күрес, жамбы ату мен садақ ату, асық ойыны сынды түркі халықтарының дәстүрлі ойындарының 11 түрінен бақ сынады. Алайда жергілікті тұрғындар ат жарыс, «майлы күрес» пен «аба күресін» ерекше қызықтап отырды. Осы жолы әр аймақтың намысын қорғауға 300 балуан белдесуге шықты. Оның 45-і ел аузында жүрген атақты балуандар екен.  

Дурмуш Өндер, Токат қаласының тұрғыны:

- Фестивальге атқа міну үшін арнайы келдік. Бірақ күрес тартысты өтіп жатыр. Сондықтан сайыстан көз алмай тамашалап отырмыз. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Өйткені халқымыздың дәстүрлі ойындарын, мәдениетін жаңғыртуда іс-шараның маңызы өте зор. Әсіресе өскелең ұрпақ ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңіріп, оған барынша қамқорлық танытып отырғандығы көңілге медеу болды.

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атануға әркімнің-ақ таласы бар. Себебі сайыс жеңімпаздарын бағалы сыйлықтар мен халықтың ыстық ықылас-құрметі күтіп тұр. Мұнда құралайды көзге атар мергендер де іріктеліп қалды. Нысана көздеуден Ыстамбұлдың Оқмайданы ауданында 1453 жылы Фатих Сұлтан Мехметтің тапсырмасымен іргесі қаланған садақшылар мектебінің шәкірттері көш бастап тұр.

Ержан Жүніс, тілші:

- Сайысқа кәсіби спортшылармен қатар қарапайым халық, біз сияқты журналистер де қатысып, бақтарын сынай алады. Әрине күніге садақ асынып жүргеніміз жоқ. Дегенмен фестиваль аясында ұлттық спорт түрлеріне баулып, үйретуге әзір жүрген мамандар бар. Олардың алғашқы дәрісін алдық. Нысанадан мүлт кеттім. Әлбетте дайындық керек. 

Сельман Алпак, садақ ату нұсқаушысы:

Садақ ату - біздің дәстүрлі спортымыз, соғыс өнеріміз. Әлемде садақ атпаған халық жоқтың қасы. Осман империясында ұрыс-соғыстың бұл түрі қарыштап дамыды. Қазіргі таңда аздап ұмыт қалғанымен мемлекеттік қолдаудың арқасында қайта жандана бастады. 

Фестивальде 28 киіз үй тігілді. Оның ішінде этномәдени бірлестіктер өздерінің қолөнер мен тұрмыстық бұйымдарын көпшілікке таныстырды. Қазақ диаспорасы ерлер мен әйелдерге арналған бас киім үлгілері, былғарыдан тігілген заттар мен көздің жауын алатын әшекей бұйымдарын көпшіліктің назарына ұсынды.

Серкан Динчтүрік, Қазақ түріктері зерттеу және білім беру қоғамының төрағасы:

- Біз диаспора қазақтары болып, қазақтың киіз үйін тігіп, келген түрік халқына қазақтың дәстүрін, өнерін танытып отырмыз. Оның артынан біздің жігіттеріміз «Қара жорға» биін билеп, қонақтарға домбыраны көрсетті.

4 күнге созылған дүбірлі шарада этномәдени бірлестіктер сахналық көріністер қойды. Қазақ пен қырғыз диаспоралары «Қыз ұзату» дәстүрін көрсетіп, халық әндерін шырқады.

Авторлары: Ержан Жүніс, Седат Денли

Хабар 24 телеарнасы