386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бішкекте халықаралық қалалар форумы өтті

  • 377
  • UPD: 12:03, 19.05.2017

Көлік кептелісі. Азаматтардың қауіпсіздігі. Алаңдарды көгалдандыру. Кез келген мегаполисте туындайтын осындай өзекті мәселелер Бішкекте өткен халықаралық форумда талқыға салынды.

Сала мамандары мен сақа сарапшылар бас қосып, түйіні көп түйткілдерді шешудің оңтайлы жолдарын бірлесе іздеді.

Ірі қалалар мәселесіне тек жергілікті билік қана бас қатырмауы тиіс. Тұрғындар да атсалысып, шама-шарқынша қол ұшын беруі керек. Форум қатысушылары бірауыздан осындай пікір білдірді. Қоғамда қордаланған түйткілдер түйінін бірлесе шешу үшін Қырғызстанның ірі елді мекендерінің өкілдері алғаш рет бас қосты.

Сайкал Жунушова, форумның ұйымдастырушысы:

– Біз Орталық Азиядағы екінші Швейцарияға айналамыз десек, олардың атқарған жұмыстарын ескергеніміз жөн. Бірақ ол тәжірибелерді түбегейлі мұнда енгізе алмаймыз. Себебі оны іске асыру тіпті мүмкін емес.

Қазір Қырғызстан «Бақытты қалалар» жобасын іске асыру мәселесін елеп-екшеп жатыр. Яғни билік өкілдері қоғамдық белсенділігі жоғары тұрғындармен кездесіп, аймақтағы маңызды мәселелерді ортаға салады.

Олеся Нугаева, экомәдениет қорының жетекшісі (Алматы):

– Бішкек пен Ош қалаларында іске асырылған жобаларда бірқатар кемшілік бар. Әрине, егер біз бұған дейін осындай форумдарда кездескенде пайдалы кеңес беріп, бұл мәселеге ұрынбас еді. Бұл ретте халықпен тығыз байланыста қоян-қолтық жұмыс істеу маңызды.

Егер билік халық пен сарапшылардың пікіріне құлақ асса, онда келер жылдан бастап ірі қалалардағы бірқатар мәселе өз шешімін табады. Әрине, қаржылық қолдау да ауадай қажет.

Бүгінде Қырғызстанда 31 қала бар. Тек Бішкектің өзінде миллионнан астам адам тұрады. Сондықтан халықтың қауіпсіздігі мен ұзын-сонар кептеліс мәселесі туындап тұрады. Десек те жұмыла көтерген жүк жеңіл. Кеңеске келгендер түйіні көп түйткілдерді бір жеңнен қол шығара шешуге келісіп тарқасты.

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Бақыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы