387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еуразия іскерлік одағы қырғыз фермерлерін ынтымақтастыққа шақырады

  • 513
  • UPD: 13:26, 22.05.2017

Кәсіпкерлер қоғамдастығының өкілдері шаруаларға әлеуетті инвесторлармен тікелей байланыс орнатуға көмектеспек. Олардың айтуынша, бұл процесті жеделдету үшін көрме, жәрмеңкелер ұйымдастырып қана қоймай еуразиялық әріптестермен тығыз қарым-қатынас орнатудың маңызы зор.

Қырғызстан өз экономикасына шетелден капитал тартқанымен, отандық өндірушілер сол инвестицияны толыққанды игере алмай келеді. Еуразия іскерлік кеңесі өкілдерінің тұжырымы осындай. Олар жыл басынан бері Бішкекте жұмыс істеп жатыр. Мамандардың айтуынша, елдегі бизнестің басым бөлігі әлі де көлеңкелі күйде қалып тұр. Ал тауарды сыртқа шығару немесе елге енгізу кәсіпкерлер үшін әлі де түйіні тарқамай тұрған, күрделі мәселе.

Виктория Кологривова, Еуразияның іскерлік кеңесінің мүшесі:

-Мәселе бастан асады. Кеден де тауарды мерзімінен ұзақ ұстайды. Кедендік одаққа мүше Қазақстан мен Ресейліктердің тауарлары жасыл жолақпен бірқалыпты өтеді. Ал бізді неге тексереді? Тексерудің де қалыптасқан тәртібі бар ғой. Алайда құлпынай секілді тауарлардың кеденде 8 сағаттан астам уақыт тұрып қалуы біз үшін жақсы емес.

Әрбір өндіруші Еуразиялық экономикалық кеңес көлемінде тауарын өткізуі үшін тағы бір мәселе бар. Қырғызстанда ауыл шаруашылық саласының да жетісіп тұрғаны шамалы. Олар ішкі тұтынушылардың өзіне ірі көлемде азық-түлік жеткізе алатын қауқары жоқ. Еуразиялық іскерлік кеңес осы мәселені реттеп, шаруаларға қол ұшын созуға дайын.

Ольга Осетрова, Еуразия іскерлік кеңесінің атқарушы директоры:

-Мәселен сіздің Ыстықкөлде шырын өндірісімен айналысатын кәсіпорныңыз бар дейік. Оның жұмысын уақыт өте келе дамытып, Қырғызстанды өз өніміңізбен қамтып отырсыз. Енді шетелдік нарыққа шығуды жоспарлайсыз. Осы сәтте бізге хабарласып, қажетті көмек сұрасаңыз болады.

Сарапшылардың пайымынша, Қырғызстан ауыл шаруашылығында заманауи технологияларды кеңінен қолданып, Қытай секілді шекаралас мемлекеттерге тауар тасымалдауы керек. Оның үстіне шаруалар аспан асты елімен сауда-саттық қарқыны артады деген сенімде. Бұл іске мажарстандық мамандар да атсалысуы мүмкін. Себебі олар өндірістік тауарларды өңдеу және сақтау ісінде алдыңғы қатарда. Жалпы қырғыз елінің шаруалары қазірдің өзінде еуразиялық одаққа тауар жөнелте алады. Бірақ сапаны сертификаттау тұрғысында әлі күнге дейін күрмеулі мәселе көп.

Авторлары: Ермұхамед Мәулен, Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы