389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оңтүстік Кореяда үкімет кешенінің төбесі Гиннестің рекордтар кітабына енді

  • 475
  • UPD: 11:30, 29.05.2017

Оңтүстік Кореяда министрлер кабинетінің қызметкерлері күйзелістен арылудың тың тәсілін ойлап тапты.

Олар ғимараттың төбесіне шығып, ашық аспан астында серуендеуге және дене шынықтырумен айналысуға кеңес береді. Осы орайда оңтүстіккореялық үкімет кешенінің төбесі Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді.

Седжон қаласы Сеулден 120 шақырым жерде орналасқан. Бұдан 10 жыл бұрын бұрынғы Президент Но Му Хеннің ел астанасын осында көшіруді көздеген жоспары бар еді. Бірақ жаңа билік тосын идеяны қолдамады, тек 2013 жылы оңтүстіккореялық министрліктердің көбісін Седжонға көшіруге руқсат берді. Үкімет кешені бір-бірімен жапсарлас салынған 15 корпустардан тұрады. Ғимараттардың ең әдемі жері – шатырдың үсті. Онда  төбеге  орналасқан әлемдегі ең үлкен бақ бар. Оның ұзындығы – үш шақырым алты жүз метр. Бұл жетістік Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген.

Чонг Джи Вон, үкімет ғимараттары кешенінің басқарушысы:

- Бағымызда екі жүзге жуық өсімдік бар. Оларды 21 адам күтіп-баптайды. Сонымен қатар жылына 5 мың адам маусымдық жұмыстарға тартылады. Баққа кез келген адамның келіп тамашалауына болады. Ол үшін әуелі біздің сайтқа тіркелуі тиіс. Күніне ең кемі 50 адам бақты аралап қайтады. 

Бақта өсімдіктерді терең зерттеп-зерделеуге де болады. Мәселен, биік шатыр үстінде анар мен жүзім осылай гүлдейді. Шие де жеміс бере бастады. Кейін оларды жеуге рұқсат беріледі. Ал тот баспайтын болаттан жасалған орындықтар мен диванда отырып кофе ішуге де мүмкіндік бар. Күркелердің төбесіне күн батареялары орнатылған. Олардың қуатымен кешкілік шамдар самаладай жарқырап тұрады. Таңғы уақытта мемлекеттік қызметкерлер осындағы тренажерларды пайдаланады. Ал шенеунектердің қөбісі төбеде серуендеуді жақсы көреді. 500 метрді желе жүріп өтсең, 185 килокалориядан арылуға болады.    

Ку Хён Сын, Оңтүстік Корея Көлік министрлігінің қызметкері:

- Мен төбеге жие келемін. Өз басым түс ауа серуендегенді ұнатамын. Мұнда әрбірі өзінше әдемі өсімдіктердің алуан түрі бар. Бақты аралағаннан кейін адамдар күйзелістен арылып, еңсесін тіктеп, ерекше қуанышты күйге бөленеді.    

Бақта қызанақ, баклажан және тағы басқа да жеуге жарамды көкөністер бар. Бақ басқарушысының айтуынша, басты мақсат мемлекеттік қызметкерлерді жеміс-жидек және көкөніспен қамту емес, еңбекке қабілеттілігін еселеп арттырып, жақсы демалуы үшін жанға жайлы жағдай жасау болып тұр.

Авторлары: Владислав Цой, Ли Сан Хен

Хабар 24 телеарнасы