386,80 431,60 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШЫҰ: Бішкектегі үкімет басшыларының кездесуінде 12 құжатқа қол қойылды

  • 618
  • UPD: 08:31, 08.06.2017

Қырғызстан астанасы Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдері үкімет басшыларының кездесуі өтті.

Басқосуда бірқатар құжатқа қол қойылып, алдағы жылдардағы ұйымның дамуына қатысты іс-шаралар айқындалды. Ал сарапшылар: «Қырғызстан төрағалық еткен бір жыл ішінде мол тәжірибе жинап, мүше елдермен тиімді қарым-қатынасын нығайтуға мүмкіндік алды», – дейді.

Бішкекте өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы үкімет басшыларының кездесуінде сауда-экономикалық және инвестициялық қатынасты дамытуға бағытталған 12 құжатқа қол қойылды. Олардың бірқатары жаңадан қабылданды. Оның ішінде алдағы 5 жылда жүзеге асырылатын іс-шаралар тізімі бар. Бұл құжатты ұйым аумағындағы экономикалық дамуға арналған жол картасы десе де болады. Ал жолдарды дамыту жөніндегі келісімшарт көліктік инфрақұрылымды дамыту мен көлік және логистика саласындағы өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруды көздейді. 

Эдиль Осмонбетов, саясаттанушы:

- Қырғызстанның ШЫҰ-дағы төрағалығы – бізге мол тәжірибе. Делегаттардың кездесуі мен басқа да шаралардан біз көп тәжірибе жинадық. Екіншіден, бізде теңізге шығатын жол жоқ. Сондықтан егер ұйымның мақсаты мен барлық жүйесі жұмыс істеп жатса, әлемдік нарыққа шығуға қол жеткіземіз. Бұл Қырғызстан үшін тиімді.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы геосаяси жағдайларға байыппен қарап, өзгерістерді ұтымды пайдалану арқылы үнемі дамып келеді. Қазір беделді бірлестікке аймақтық қана емес, әлемдік тұрғыдан алғанда ықпалы күшті елдер көңіл аударып отырғанын айтуға болады. Кезінде 5 елді біріктірген ұйым 8 мемлекетті қамтитын бірлестікке айналды. Сонымен қатар Иран – бақылаушы, ал Түркия және Әзербайжан елдері диалог бойынша әріптес мәртебесіне ие. Сондықтан олармен қарым-қатынас тығыз ынтымақтастықты қажет етеді.

Медет Төлегенов, саясаттанушы:

- Бұл ұйымға мүше болуға ядролық басымдыққа ие елдер де қызығып отырған болар. Бұл – төрағалық етуші елге үлкен мүмкіндік. Мұнда ірі ойыншылар болғанымен, біз бәрібір өз тарапымыздан тепе-теңдікті сақтау мен құрылымдауда үлесімізді қосып отырмыз.

Шанхай ынтымақтастық ұйымына Қырғызстан бірнеше рет төрағалық етті. Егер ұйымның қарқынды дамуын ескерсек, оның әр жаңа мүшесі төрағалық етуші мемлекетке жүктелетін міндеттерді де арттыра түсері сөзсіз.

Авторы: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы