Астана әуежайына Чехия мен Сербия президенттерінің ұшақтары қонды

Астана халықаралық әуежайына Чехия мен Сербия Президенттерінің ұшақтары қонды.

Милош Земан EXPO көрмесінің ашылу салтанатына қатысу үшін жұбайы Ивана Земанова ханыммен бірге келді. Айта кету керек, көрме барысында Чехияның ұлттық павильонында чех өнертапқыштарының электр қуаты мен энергетика өндірісі саласындағы үздік жобалары көрсетіледі.

Сондай-ақ елордаға Сербия мемлекетінің басшысы Александр Вучич те ат басын тіреді. Мәртебелі мейманды Астана әуежайында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев және Қазақстанның Сербиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Нұрбах Рүстемов қарсы алды.