ЭКСПО-2017 көрмесі кез келген бизнеске тың идея береді

ЭКСПО-2017 көрмесі баламалы энергия саласына дем берумен қатар кез келген бизнеске тың идея береді. Мұндай пікірді әлемдік шараны тамашалап қайтқан украиналық қонақтар білдірді.

Айтуларынша, көрме іскерлік әлемнің алдағы кезде қалай дамитынын айқын көрсетіп тұр. Астанадан өз еліне оралған алғашқы топ Украинаға келе сала, біздің тілшімізбен алған әсерін бөлісті. Енді көрмеге келуге ниетті келесі топ жасақталып жатыр.

Татьяна Люлька, Community журналының шеф-редакторы:

-Мен Қазақстан мен ЭКСПО көрмесін қызу қолдаймын. Өйткені бұл ашық алаңнан украиналық бизнес үшін көп мүмкіндіктер көрдім. Адам немен айналысып, қай салада еңбек еткеніне қарамастан, көрмеге барғаны жөн. Ол жерден рухани шабыт алып шығасың. Әсіресе бизнесі өтпелі кезеңде тұрған адамдарға түрлі ой салатын тың идеялар бар. Көрме өз алдына, Астананың әсемдігі де таң қалдырды. Бірталай жерді шарлап, шаһарды араладым. Жаңа қаланың құрылыс жоспары мен сән сәулеті елден ерекше. Егер өмірде өшпес із қалдырғыңыз келсе, арман қала Астананы көруге тиіссіз.