378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ресми Доха Араб төрттігі жариялаған ультиматумға мойынсұнбайтын болды

  • 505
  • UPD: 20:53, 06.07.2017

Араб төрттігі жариялаған ультиматумға ресми Доха мойынсұнбайтын болды.

Катар сыртқы істер министрі бұл туралы Лондонда өткен конференцияда жария етті.

Катарға Иранмен дипломатиялық қарым-қатынасты үзу, «Әл-Джазира» телеарнасын және Түркия елінің әскери базаларын жабу секілді 13 талап қойылған болатын. Елдің сыртқы істер министрі Мухаммад бен Абдуррахман әл Танидің ойынша, ультиматум халықаралық құқық негіздеріне қайшы келеді.

Мухаммад бен Абдуррахман әл Тани, Катардың сыртқы істер министрі:

– Ультиматум 48 сағатқа ұзартылды. Дегенмен төрттіктің тарапынан халықаралық құқықтар мен ережелердің бұзылуына қарамастан, біз осы мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырамыз. Олар қойған талаптар мемлекеттің тәуелсіздігі мен сөз бостандығын шектейді.

Араб төрттігінің пікірінше, Доха шешімді үстіртін қабылдаған. Ал Сауд Арабиясының сыртқы істер министрі халықаралық құқықтың толықтай сақталғанын тілге тиек етті.

Адель Аль Джубейр, Сауд Арабиясының сыртқы істер министрі:

Біз саяси бойкот жариялап отырмыз. Ел астанасы Доха өзінің экономикалық және саяси ұстанымдарын өзгертсе, бойкоттың күшін жоямыз. Біз қолданған шаралар халықаралық құқықты бұзып жатқан жоқ. Катарға қатысты қабылданатын шешімдерді алдағы уақытта жария ететін боламыз.

Айта кетейік, Сауд Арабиясы, Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері және Мысыр Катармен дипломатиялық қарым-қатынасын үзді. Олар бұл елге лаңкестік топтарды қолдап, Таяу Шығыстағы жағдайды ушықтырып жүр деген айып таққан. Кейін қатарға тағы бірнеше ел қосылды. Жағдайды түзеу үшін Дохаға өз талаптарын қойған болатын.

Авторы: Табиғат Нұрболат

Хабар 24 телеарнасы