EXPO 2017 қонақтары Астанаға екінші рет келуге дайын

Астанада өтіп жатқан халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің қонақтарға ұнағаны соншалық, олар павильондарды қайта аралап, түрлі ұлттың тағамдарынан тағы да дәм татуға дайын.

Бұл қазақстандық саяхатшылар ғана емес, шетелдік қонақтарға да қатысты. Мысалы, Германияда тұратын қазақтар ЭКСПО-ға екінші рет барғалы отыр. Галина Нұртазинова көрменің ашылу салтанатына қатысқан. Енді ол шілденің 12-сі күні өтетін Германияның ұлттық күніне орай Астанаға тағы сапар шекпек. 

Галина Нұртазинова, қонақ (Германия):

– Біз ЭКСПО-ның басталуын тағатсыздана күтіп едік. Өйткені көрмені насихаттау мен жарнамалау үш жылдан бері жүргізілді. Әсіресе екі павильонға деген қызығушылығымыз жоғары. Әрине, бастысы - көрменің ортасында орналасқан «Нұр Әлем». Қазақстан павильоны техникалық жағынан да, мазмұндық жағынан да үлкен әсер қалдырады. Аз уақыттың ішінде Қазақстанның тарихы мен алуан түрлі мәдениеті және елдің келешегі жөнінде мағлұмат ала аласыз.