386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҰҰ-да Мосулдағы босқындар мәселесі қаралды

  • 474
  • UPD: 11:28, 11.07.2017

Босқындар содырлардан азат етілген Ирактың Мосул қаласына әзір орала қоймайды.

Себебі шаһарды қалпына келтіруге ұзақ уақыт қажет. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының сарапшылары мәлімдеді. Өйткені Ирак әскері жеңіске жеткенімен гуманитарлық дағдарыс әлі де белең алып тұр.

Жалпы шаһарды азат ету операциясы барысында 1 млн-нан астам тұрғын үй-күйін тастап, босып кеткен. Олардың 800 мыңнан астамы туған жеріне әлі оралған жоқ.

Айта кетейік, жексенбі күні ел Премьер-министрі Хайдер әл-Абади Мосулдың толық азат етілгені туралы ресми түрде мәлімдеді. Сарапшылар болса, қаланы бұрынғы қалпына келтіру үшін кемінде 5 жыл уақыт пен миллиардтаған доллар қажет деп отыр.

Стефан Дюжаррик, БҰҰ бас хатшысының өкілі:

- Мосулды азат ету – лаңкестікпен күрес жолындағы маңызды қадам. Бірақ гуманитарлық дағдарыс жалғасып келеді. Біздің пайымдауымызша босқындардың саны ресми санақтан әлдеқайда артық. Енді негізгі күш қаладағы тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету және электр жарығын жеткізу сияқты мәселелерді шешуге бағытталуы керек.

Хабар 24 телеарнасы