384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Brexit лондондық банктерді өзіне қаратып алуға бекінді

  • 399
  • UPD: 19:32, 11.07.2017

Brexit Ұлыбритания астанасы Лондонның әлемдік қаржы орталығы деген мәртебесіне нұқсан келтіретін түрі бар.

Өйткені шаһардағы халықаралық банкілер ортақ нарықта әрекет ету мүмкіндігін сақтап қалу үшін кеңселерін Одақ аймағына көшіруге қамданып, еуропалық елдер оларды белсенді түрде тартуға кірісті.

Лондондық банктерді өзіне қаратып алуға бекінген елдердің бірі – Франция. Ресми Париж елге көшіп келетін компанияларға еңбекақы салығын азайтып, бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасауға уәде беріп отыр. Сондай-ақ келесі жылдан бастап қаржы келісіміне салынатын 0,3 пайыз салықты да алып тастамақ.

Эдуард Филипп, Франция премьер-министрі:

– Біздің үкімет, алдымен, еңбекақы салығын азайтуды қолға алады. Адамдардың көбі Франциядағы жоғары білікті мамандардың еңбекақы шығыны басқа еуропалық қалаларға қарағанда төмен екенін айтады. Қаржы мәселесінен бөлек Париждің мәдени тұрғыдан да ұсынары көп.

Лондондық банктерді өзіне тарту үшін Майндағы Франкфурт сияқты басқа қалалар да барын салып жатыр. Германия үкіметі де қызу науқан бастаған. Ал халықаралық банктер болса Ұлыбритания Одақтан шыққаннан кейін қай елге ат басын тіреген тиімді екенін анықтаумен әлек. Кей компаниялар қызметкерлерін көшіруді қолға алуға кіріскен.

Валери Пекресс, Иль-де-Франс аймағы кеңесінің президенті:

– Барлық инвесторларды және Brexit-тен көңілі қалғандарды құшақ жая қарсы алуға дайынбыз. Еуропаға, Париж аймағына қош келдіңіздер дегім келеді.

Бірақ француз билігінің талпынысына қарамастан, лондондық компаниялар әзірге Майндағы Франкфурт, Дублин, Люксембург сияқты шаһарларды қалап отырған сияқты. Кей мәліметтерге қарағанда, Brexit-тің салдарынан Лондоннан Еуропаның басқа қалаларына 100 мыңға жуық қаржыгер қоныс аударуы мүмкін.

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Әсем Хасенқызы

Хабар 24 телеарнасы