387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы ұзын-сонар кезек жойылады

  • 551
  • UPD: 13:52, 15.07.2017

Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы ұзын-сонар кезек жақында толығымен жойылады.

Себебі қырғыздардың шекара қызметінде жолаушылар мен жүк көліктерін өткізуге арналған жаңа жүйе енгізіліп жатыр. Айыр қалпақты ағайындар жыл соңына дейін осындай тағы екі бақылау-өткізу бекетін пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

Күрделі жөндеуден кейін «Тоқмоқ-Автожол» бақылау-өткізу бекеті тәулігіне 700 көлік пен 5 мыңнан астам жолаушыны қабылдап өткізетін болады. Қырғыз үкіметі қатынайтын көлік пен адам санының артуына байланысты бұл бекетке халықаралық мәртебе беруді қарастырып жатыр.

Мирланбек Сарлықбекұлы, Қырғыз Республикасы шекаралық бақылау басқармасының басшысы:

– Бұрын бұл бекеттен бес мыңға жуық жолаушы өтетін еді. Ал қазір сегіз мың адамға дейін қабылдап жатырмыз, әсіресе демалыс күндері келетіндер көп. Жаңа ғимарат салынып, жұмыс істеуге барлық мүмкіндік жасалғанын көріп тұрсыздар. Жолаушыларға да шекара қызметінің мамандарына да қолайлы болған соң бақылау бекетінен өтетіндер саны екі есеге артты.

Екі қабатты ғимараттың құжат рәсімдейтін залдары мен куәлік тексеруге арналған кабинеттері заманға сай құралдармен жабдықталған. Қырғызстан жыл соңына дейін Қазақстанмен шекарадағы сегіз бақылау-өткізу бекетін жаңартуды жоспарлап отыр. Елдің инфрақұрылымы Еуразиялық экономикалық одақтың талабына сай келу үшін осындай ауқымды жұмыстар істеліп жатыр.

Бейшен Қазығұлов, Бішкек тұрғыны:

– Ыңғайлы, жанға жайлы, ешқандай кептеліс жоқ. Бақылау бекетіне жайбарақат кіріп-шығып жатырмыз. Осындай жағдай жасап қойғанына ризамыз.

Жүк тасушылар да дән риза. Кіріп-шығуға арналған жолдың кеңейгені бекет алдындағы кептелісті азайтады. Ал шекарадағы бір терезе қағидасы көлік жүргізушілердің уақытын үнемдейді.

Аслан Мұсаев, жүргізуші:

– Бұрындары қызмет түрлері көп болатын. Ветеринарлар, кеден қызметкерлері, шекарашылар бар, олардан өтіп болғанша бекетте біраз тұрып қалатын едік. Ал қазір Кедендік одаққа кірген соң бәрі жеңілдеді.

Шекара бекеттерін жаңғырту жұмыстары мамыр айынан бастап Қазақстанда да жүріп жатыр. Қарашаға дейін Қырғызстанмен арадағы негізгі шекаралық бақылау-өткізу бекеттерін жаңарту жоспарда тұр. Мысалы, «Қордай» бекетінде ауқымды көлік тұрақтары салынып, жол жолақтары жаңартылды. Жалпы шекаралық бекеттерді жаңартуға үкіметтен 6 миллион доллар бөлінеді. Бұл Орталық Азиядағы транспорттық дәліздің жұмысын кеңейтіп, шекарадағы кедергілерді азайтуға септігін тигізетін болады.

Авторы: Бақыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы