Чехияның ЭКСПО-дағы ұлттық күні атап өтілді

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде Чехия Республикасының ұлттық күні атап өтілді. Еуропа төріндегі шағын ел «Іске асырудағы тапқырлық» тақырыбымен өз павильонын салтанатты түрде ашты. Чехия Астанаға электр тоғымен ұшатын ұшақ және қуат көзімен жүретін велосипед әкелді. Ғылыми жаңалықтардан бөлек мәдени мұраларын да ала келіпті.

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің 36-күні 32-ел болып, Чехия Республикасының ұлттық күні ашылды. Салтанатты іс-шараға Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Чехия Республикасы Парламенті сенатының төрағасы Милан Штех қатысып, сөз сөйледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Қазақстанның жаңа жобалары осындай ынтымақтастықты бір арнаға қоюға жақсы мүмкіндіктер береді. ЭКСПО аяқталғаннан кейін көрме аумағында бірнеше халықаралық институттар пайда болады. Солардың ішінде Астана халықаралық қаржы орталығы, жаңа технологиялар паркі, БҰҰ аясындағы жасыл технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамыту орталығы. Даму міндеттерін іске асыру барысында Еуроодақ мемлекеттерімен соның ішінде Чехиямен өзара тиімді ынтымақтастық ерекше орын алатынына сенімдімін.

Чехия павильонында тың технологияға негізделген жаңалық көп. Мысалы, қоқыс өңдеп, одан жарық пен жылу энергиясын алатын зауыт жұмысымен танысып, электр тоғымен самғайтын екі адамдық ұшақты көруге болады. Чех инженерлері құрастырған шағын әуе көлігі 400 вольт энергиямен бір сағат бойы көкте қалықтай алады. Электр энергиясынан қуат алатын велосипед те бүгінгі көрме төрінен орын алды. Ол толық қуатталғанда сағатына 45 шақырымды артқа тастап, 120 шақырымға дейін тоқтамай жүре алады. Мұндай велосипед әсіресе қалалықтар үшін өте ыңғайлы, себебі тез жиналады.  

Нұрсипат Қатбек, павильон қызметкері:

- Чехия, мысалы, өзінің елінде он жылдан аса электрлі велосипедті қолданады. Яғни ол машинаға альтернативті транспорт болып табылады. Сондықтан электрлі велосипедтерді қолдану осы Чехияда өте дамыған және ол экологияны сақтауға мүмкіндік береді.

Қазір чех инженерлері ұшатын велосипедті құрастырып жатыр. Әзірге ол көрмеде жоба күйінде тұр. Астанада таныстырылған қанатты велосипедті болашақта күнделікті өмірде көріп қалуымыз ғажап емес. 

Авторлары: Қанат Базылхан, Өмірбек Ізімов