389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Йеменде тырысқақ дертінің өршіп тұрғанына 3 айдан асты

  • 487
  • UPD: 18:43, 17.07.2017

Халықаралық ұйымдар мемлекеттің кеселмен күресуге қауқарсыз екенін айтып, әлемдік қауымдастықтың жәрдемдесуін сұрап отыр.

Десе де жергілікті билік сырттан көмек күтіп отырмай, қолдан келген шараларды қабылдауға кіріскен.

Кеселмен күрес Йемен астанасы Сана қаласынан басталды. Биліктің тиісті шешім қабылдауы бекер емес. Өйткені тырысқақ өршіп тұрған өңірлердің бірі осы шаһар. Мұнда тіпті төтенше жағдай тәртібі де енгізілген болатын. Сондықтан қазір қала көшелерін залалсыздандырып, қоқысты тазалау жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Абдул Кәрім әл-Хути, Сана қаласы әкімшілігінің өкілі:

- Тырысқақтың әрі қарай таралуын болдырмау үшін ең алдымен тазалық мәселесіне көп көңіл бөлу керек. Сана көшелерінде қоқыс көп. Ол әсіресе базар маңында қатты байқалады. Қалдықтарды тазалаудан бөлек инфекцияны жою үшін залалсыздандыру жұмыстарын да жүргізіп жатырмыз.

Йеменде күн сайын тырысқақты 7 мың адам жұқтырып жатыр. Ол аздай, жергілікті жұрт аштық азабын да таруға мәжбүр. БҰҰ-ның хабарлауынша, мұнда 7 млн тұрғын асқа жарымай отыр. Бәріне 3 жылдан астам уақытқа созылған қарулы қақтығыс себеп. Соның салдарынан елдегі медициналық мекемелердің 55%-ы жұмыс істемей тұр. Атыс-шабыстан құбырлар да бүлініп, халықтың үштен екісі таза ауыз суға жарымай қалған.

Садик Бишр, Денсаулық сақтау басқармасының өкілі:

- Әрине, аурудың тез таралуына судың ластануы себеп. Індет өрши түскенде бірден сорғы стансаларын тексеруге көштік. Кейбірін жабуға тура келді. Жұмысында өрескел қателіктер табылып, іс прокуратураға тапсырылды.

Аты жаман аурудан қаза болғандардың саны 1700 адамнан асады. Тағы 350 мың тұрғын індетті жұқтырушылар. Бұл ресми мәлімет. Ал БҰҰ нақты көрсеткіш одан да көп болуы мүмкін деп қауіптенеді. Өйткені қырғи-қабақ соғыстың кесірінен халықаралық қауымдастық өкілдері көп ауданға қатынай алмай отыр.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Әсем Хасенқызы

Хабар 24 телеарнасы