ЕХРО-2017: Жапония ұлттық күніне әзірлікті бастады

Жапония ЕХРО көрмесіне сутегімен жүретін көлік пен энергия үнемдейтін технологияларын әкелді.

Бұл мемлекет бірер күннен кейін елордада ұлттық күнін өткізіп, «жасыл» экономика саласындағы соңғы бастамаларын жұрт назарына ұсынады. Олар да өз кезегінде елдің салт-дәстүрін кеңінен дәріптеп, ұлт мәдениетін паш етеді. Сол үшін Күншығыс елінен Астанаға өнер шеберлері келіп, концерттік бағдарлама ұсынуды көздеп отыр. Қойылым интерактивті шоу арқылы көрсетіледі.

Айта кетейік, көрме басталғалы Жапония павильонына 250 мың мейман келген. Бұл ел ЕХРО қонақтарын бірегейлігімен таңғалдырып, жоғары бағаланып келеді.

Томиясу Накамура, Жапония павильонының комиссары:       

- Жапония павильонының тақырыбы Smart Mix Technology деп аталады. Көрмеміз 3 бөлімнен тұрады. Әрқайсысында озық үлгідегі жобалар таныстырылады. Шілденің 22-сінде қонақтарды құшақ жая қарсы алып, елімізде өндірілетін электр қуаты жайлы мол мағлұмат беруге дайынбыз. Айтпақшы, 2025 жылы халықаралық ЕХРО көрмесін Жапонияның Осака қаласында өткізуге ұсыныс бердік. Астанада бұл шараға әзірлігімізді кеңірек баяндайтын боламыз.