378,62 431.00 6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ресейде халықаралық «Макс» әуе-ғарыш көрмесі өтіп жатыр

  • 473
  • UPD: 11:48, 19.07.2017

Жуковский қаласындағы халықаралық әуе-ғарыштық «Макс» салонына жиналған көпшілік көптен күткен су жаңа ұшақты көре алмады. Белгілі болғаны Ресейдің азаматтық авиациясының жаңа үміті - МС-21 әуе кемесі сынақтан әлі өтпепті. Дегенмен көрмеде жергілікті басқа  техникалар ел назарына ұсынылды. 13-рет ұйымдастырылған биылғы МАКС экспонаттар санының көптігімен ерекшеленіп отыр.

«Макс» әлемнің ең ірі 5 әуе салонының қатарына кіреді. Олардың көлемі өткен шара нәтижесінде қол қойылған келісім-шарттар мен қатысушылардың санына байланысты бағаланады. Алайда, өкінішке орай биыл «Макс» франциялық Ле Бурже, ағылшынның Фарнборо мен арабтың Дубай Эйр Шоуынан кейінгі орынға тұрақтады. Дегенмен, ресейлік көрме таныстырылған техникаларының саны бойынша әлемде көш бастап тұр. Мұнда 116 азаматтық әуе кемесі мен 18 әскери ұшақ аппараты бар. Дәстүр бойынша шараның алғашқы үш күнінде экспонаттармен тек ресми делегация өкілдері танысады.  

Дмитрий Шугаев, әскери-техникалық әріптестік бойынша федералдық қызмет басшысы:

- Болжам бойынша шараға 50 елден шамамен 170 шетелдік азамат, 70-ке тарта ресми делегация өкілі қатысады. Біздің кәсіпорындар да бар мұнда. Шамамен 650-ге жуық әскери бағыттағы өнімдер таныстырылады.

Бұған дейін Boeing-737 мен Airbus А320 әуе кемелерімен  бәсекелес болуға жарайтын ресейлік әуе лайнері таныстырылады делінген болатын. Алайда, ол көрсетілмеді. Ұшақ тиісті сынақтардан әлі өтпеген. Макс-2017 салонындағы жаңа техникалардың қатарында «Ансат» пен Ми-38 тікұшағы және Миг-35 жойғыш ұшағы бар. Шараға әлемнің ірі компаниялары қатысып отыр. Мысалы, «Эйрбас» өте жеңіл заманауи материал - жартылай көмір-пластиктен құрастырылған әуе кемесін ұсынған.

Жюльен Франьятт,  Airbus өкілдігінің директоры:

- Биыл біздің компания А 350-900 жаңа моделін таныстырып отыр. Бұл үлгі отынды 25 пайызға дейін үнемдейді. Техниканың 53 пайызы композитті материалдардан құралған. Ұшақтың дыбысы өзге бәсекелестеріне қарағанда 40 пайызға төмен.

Көрменің ең қызықты бөлігі  - әуе шоуы. Биыл Жуковскийде өтіп жатқан шараға 8 пилотаждық топ пен 80-нен астам ұшақ таныстырылды. Салонның 25 жылдық тарихында алғаш рет шоуға Біріккен Араб Әмірліктерінің әскери ұшқыштары қатысып отыр. Көрермендер үшін «Макс» көрмесі шілденің 21-нен бастап 23-іне дейін ашық болады.

Авторлары:  Дана Нұржан, Александр Любителев 

Мәтінді қазақша оқыған: Мөлдір Доспаева

Хабар 24 телеарнасы