386,80 431,60 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ирак әскері Мосул қаласын лаңкестерден азат етті

  • 357
  • UPD: 17:46, 21.07.2017

Мосул қаласын лаңкестерден азат еткеннен кейін Ирактың премьер-министрі Хайдар Әл-Абади өзге елдердегі елшіліктеріне сүйінші хат таратты.

Онда үкімет басшысы барлық Ирак халқын және оларға қолдау көрсеткендерді жеңіспен құттықтаған. «Ирак пен Левант лаңкестік ұйымының» лаңкестеріне қарсы соғыста тарихи жеңіске жеттік. Енді содырлардың күні бітті», – делінген хатта. 2014 жылдан бері қаскөйлердің уысында болған шаһардың бүгінгі ахуалы қалай?

Ирак үкіметінің әскері Мосулды өз бақылауына алғаннан кейін қалада жасырынып қалған содырларды іздей бастады. Әсіресе лаңкестер ақырына дейін айқасып, мықтап бекінген ескі шаһарды тінтіп жатыр.

Фаллах аль-Обейди, лаңкестікке қарсы қызмет командирі:

– Тінту шаралары қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүрігізіліп жатыр. Басты назарға өзге аймақтардан келіп, тұрғындарға сіңісіп кеткен адамдарды алдық. Өйткені солардың арасында содырлар болуы да ғажап емес.

Лаңкестер Мосулды 2014 жылдың шілдесінде басып алды. Содан бері мұнда қақтығыстар тоқтаған емес. Сұм соғыстан ескі шаһардың бүтін аудандары бүлініп қирады. АҚШ басқаратын халықаралық коалицияның қолдауымен үкімет әскері қаланы азат ету үшін тоғыз ай тынымсыз соғысты. Осы аралықта 900 мың тұрғын бас сауғалап кетті. Дегенмен бірнеше күн бұрын азаттық таңы атты. Енді шаһарда атылған оқтың үні өшіп, тыныштық орнаған. Тұрғындар өміріне төнген қауіптен арылып, біртіндеп бейбіт тіршілікке көше бастады.

Мосул тұрғыны:

Бұған дейін әр басқан қадамымыз қауіпке толы еді. Тіпті кей күндері ұйықтар алдында «таңертең аман оянамын ба, жоқ па деп қорқып жататынбыз. Қазір ұйқымыз тыныш. Тек ауызсу мен электр жарығы кейде болмай қалады. Бірақ осы күнімізге тәубә деймін.

Мосул тұрғыны:

Осы жылы көп азап көрдік. Содырлар бізді ескі шаһарда үш ай қамап ұстады. Азық-түлік пен ауызсудан әбден таршылық көрдік. Бірақ қазір жағдайымыз оңалып келеді. Бастысы қала тыныш әрі азық-түлік қолжетімді.

Биліктің ендігі мақсаты қала тіршілігін қайта жандандыру. Қираған шаһарда су мен жарықтан бөлек дәрі-дәрмек те тапшы. Кейбір тұрғындарда үй де жоқ. Баспаналары қираған немесе минамен қоршалған. БҰҰ-ның мәліметтеріне қарағанда, Мосулды қалпына келтіру үшін шамамен 5 жыл және кемінде 1 миллиард АҚШ доллары қажет.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожаев, Мақсұт Меделханов

Хабар 24 телеарнасы