EXPO көрмесі аясында Жапонияның ұлттық күні атап өтілді

Бүгін EXPO көрмесінің аумағында Жапония мемлекетінің ұлттық күні өтті. Шара қонақтары бұл елдің дәстүрлі мәдениетімен танысуға мүмкіндік алды. Сахна төрінде жапондық музыка шеберлері ұлттық аспаптарда ойнап, жұртшылықты тамсандырды.

Кейін екі ел делегацияларының өкілдері ұлттық павильонға аттанып, жергілікті экспозициялармен танысты. Баламалы энергетика саласында көш бастап келе жатқан мемлекет келушілерге түрлі қуат көздерінің синтезін көрсетті.

Жалпы бұл павильон 3 аймақтан тұрады. Әр бөлімде энергия үнемдеу мен саладағы жетістіктер, сутегі, балдырдан жасалған биомассаларды қолдану технологиясы ұсынылды. Шетелдіктер бүкіл әлемге энергетикалық мәселелерді шешу жолындағы зияткерлік және технологиялық тәжірибесін таныстыруға дайын.

Айта кетейік, ұлттық күн кешке дейін жалғасады. Бағдарламада Осака шеруі, түрлі ұлттық топтардың қойылымдары мен арнайы экспозициялар жоспарланған. 

Хиросигэ Сэко, Жапонияның экономика, сауда және өнеркәсіп министрі:

– Біздің ел үшін EXPO-2017 көрмесіне қатысу өте маңызды. Жақында Жапония 2025 жылы Осака қаласында «Жарқын өмір үшін болашақ қауымдастық құру» тақырыбында халықаралық көрме өткізуге ресми өтініш берді. Астанадағы шарада қозғалған мәселелерді шешуді біз өз елімізде жалғастырмақпыз. EXPO көрмесін әлемдегі қоғамдық-экономикалық жүйенің болашақ бейнесі туралы пікірталас алаңына айналдыруды жоспарлап отырмыз. Жапония павильонының қонақтары осы бағдарламамызбен таныса алады.