384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еуропарламент депутаттары тауарлардың өміршеңдігін талап етіп отыр

  • 654
  • UPD: 15:59, 24.07.2017

Еуропа сапалы әрі берік тауарды тұтынуды қалайды. Еуропалық Одақ парламенті «бағдарламаланған» немесе «жоспарланған» коммерциялық стратегияға қарсылығын ашық білдірді. Депутаттардың айтуынша, өндірушілер тауарларының қызмет ету мерзімін әдейі қысқартып шығарады. Сондықтан тауар тез бұзылып қалады.

Бұл сатып алушы үшін қып-қызыл шығынға әкеліп соқтырады. Депутаттар еуропалық тұтынушылардың құқығын осылай қорғауға кірісті.

Өндірушілер өз тауарының өтімділігі мен сапасына байланысты сан түрлі айла табады. Яғни бас пайдасы үшін өндірген затының қызмет ету мерзімін жасанды түрде шектейді. Бұл оларға мол пайда әкелгенімен, тұтынушыға оңай соқпай тұр. Мысалы, Джорджио Корсини Рим орталығында көп жылдан бері теледидар жөндеумен айналысады. Оның шеберханасынан адам үзілмейді. Алайда «істен шыққан заманауи құрылғыларды жөндеу мүмкін емес», – дейді ол. 

Джорджио Корсини, теледидар жөндеуші:

Өндірушілер құрылғыларын өте жұқа және жеңіл кішкентай бөлшектермен байланыстырып жасайды. Бір кездері теледидардың қосымша бөлшектері болған. Қазір ондай жоқ. Техникаңыз сынса, оған қажетті құрал-сайман табу қиын. Сөйтіп алған затыңыз жарамсыз болып қалады.

Джорджио Корсини өзін қазір таптырмас маман санайды. Сөзінің жаны бар. Себебі Еуроодақ тұтынушыларының көбі алған құрылғысын сынған жағдайда, жөндетуді жөн көреді. Қайта сатып алу қалтаға салмақ түсіреді. Сондықтан Еуропарламент депутаттары өндірушілерден өнімін сапалы әрі берік етіп шығаруды талап етіп отыр. Олар Еурокомиссияға одақтағы елдерде шығарылатын тауарларға қатысты талаптарын жасап жіберді. Яғни буып-түйілген тауардың сыртындағы таңбалауына өндірілген бұйымның қызмет ету мерзімі мен жөндеу мүмкіндігі жазылуы қажет. 

Джанлука Диашенцо, Италия тұтынушылар қауымдастығының президенті:

Еуропарламент депутаттарының осы қадамын қолдаймын. Бұл саяси және экономикалық тұрғыдан өте маңызды мәселе. Бұған бей-жай қарауға болмайды. Егер кез-келген тауар өндіруші өз өніміне ерікті түрде таңбалау енгізсе, оған пайдалы болады. Өйткені адамдар сапалы тауар шығарушыны таңдайды.

Ал тұтынушылар құқығын қорғаушының айтуынша, әрбір өндіруші тауарын берік етіп шығара алады. Қайта ұзақ мерзімді бұйымдардың пайдасы шаш етектен. Олардың қосалқы бөлшектерін сатып пайдаға кенелуге болады.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Юлия Гончар, Массимилиано Вольпе

Хабар 24 телеарнасы