387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Германиядағы ірі қалаларда дизельді көліктерге тыйым салынуы мүмкін

  • 705
  • UPD: 14:05, 24.07.2017
Германиядағы ірі қалаларда дизельді көліктерге тыйым салынуы мүмкін

Германия елі дизель отынымен жүретін көліктерді ірі қалаларына кіргізбеуі мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, отынның осы түрімен жұмыс істейтін қозғалтқыштар ауаға улы газды көбірек шығарады. Белсенділер үкіметтен нақты шаралар күтіп отыр.

Германиялық табиғат жанашырлары жергілікті билік үстінен сотқа шағым түсірді. Олардың айтуынша, ауадағы азот оксидінің мөлшері қалыптан жоғары. Осыған алаңдаулы белсенділер қала орталығына ескі көліктерді кіргізбеуді талап етіп отыр. Мысалы, Штутгарт тұрғындары Еуро-6 стандартына сай келмейтін дизельді көліктердің жүруіне толық тыйым салуды ұсынды. Алайда сарапшылар «егер өзгеріс енгізілсе 800 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін» деп отыр.

Клеменс Фюст, Экономикалық зерттеулер институтының президенті:

- Біздің елімізде автокөлік өнеркәсібіндегі жұмыс орындарының тең жартысы іштен жанатын қозғалтқыш шығарумен тікелей байланысты. Сондықтан осы салаға салынар кез келген тыйым - қарапайым жұмысшылар үшін нартәуекелмен тең. Біз электромобиль сегментіне қанша маман баратынын нақты айта алмаймыз. Арнайы жүргізген зерттеу де нәтиже берген жоқ.

Былтыр Германияда дизель отынымен жүретін көліктер бензинмен қозғалатын темір тұлпарлардан көп сатылған. Алайда құны арзан жанармайдан от алатын машиналарға тыйым салыну ықтималдылығы немістерді едәуір алаңдатқаны рас. Азаматтардың қалған бөлігі биліктің мұндай қадамға барарына сенбей отыр.

Регина, Берлин тұрғыны:

- Менің ойымша, тыйым салған жөн. Бірақ Германияда бұл заңның қабылдана қоюы екіталай. Менің дизель отынымен жүретін көлігім экологиялық тұрғыдан тиімсіз болғандықтан көңілім толмады. Сондықтан электромобиль сатып алғаным дұрыс сияқты.

Бернт, Берлин тұрғыны:

- Берлинде дизель көліктеріне тыйым салынатынына сенбеймін. Елдегі бірқатар фирмалар жанармайдың осы түрінен мол табыс тауып отыр. Тыйым салынса, қозғалтқыш құрастырушы компаниялар банкротқа ұшырауы мүмкін. Менің көлігім де дизель отынымен жүреді. Несиеге алғандықтан, не істерімді білмей далмын. 

Meinauto.de сайтында келтірілген дерекке сүйенсек, Германияда дизельді көліктерге деген сұраныс 25 пайызға төмендеген. Батыс еуропадағы ірі нарыққа жататын елдерде көрсеткіш 4,3 пайызға кеміген. Экологтардың шағымынан кейін, автосалонға көлік алу үшін келгендердің  бензинмен жүретін  және гибрид көліктерге көңілі көбірек ауа бастады.  

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы