389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мосул әйелдері көптен күткен еркіндікке қол жеткізді

  • 514
  • UPD: 08:02, 25.07.2017

Ирактың Мосул қаласы азат етілгеннен кейін шаһардың бұрынғы бейбіт өмірі қайтадан қалпына келе бастады.

Үйлерін тастап қашқан тұрғындар біртіндеп оралып жатыр. Ойран салған лаңкестерден құтылған соң шаһардағы әйелдердің де жағдайы жақсарды.

Мосул лаңкестерден азат етілгеннен бері шаһар әйелдері де көптен күткен еркіндікке қол жеткізді. Қала үкімет күштерінің бақылауына өткен соң қыз-келіншектер үстеріндегі қара жапқыштарын тастап, түрлі-түсті киімдерін киіп, әсемденіп, көшеге шыға бастады.

Абу Мұстафа, дүкен иесі:

– Әйелдердің базарға келіп-кететін қатаң уақыты болды. Үсті-басы толық қымталып, аяғында шұлығы болмаса немесе көзін бояған нәзікжандыны көрсе, лаңкестер лезде базардан қуып шығатын. Әйелдер базарға баруға қорқатын. Қазір, құдайға шүкір, жағдай өзгерді.

Айя Хани, Мосул тұрғыны:

– «Ирак және Левант лаңкестік ұйымының» содырлары үстемдік құрған кезде біз еш нәрсе істей алмадық. Көшеге шығу үшін қара киім киінуіміз керек болды. Тіпті шұлығымыз бен қолғабымыз да қара түсті болуы керек еді.

Тұрғындардың содырлар билеген кездегі адам төзгісіз жағдайлар туралы әлі де айтары көп. Киім-кешектен бөлек лаңкестер тіпті әйелдердің оқуына да мүмкіндік бермепті.

Иман Хадер, Мосул тұрғыны:

Өте қиын болды. Бізге оқуға баруға тыйым салынды. Әйелдерге көп шектеу қойылды.

Ал қазір лаңкестердің қол астында болған қала көшелерінен еркін жүрген әйелдерді көптеп кездестіре аласыз. Сондай-ақ содырлардан бас сауғалап қашқан тұрғындар қайтып оралып жатыр. Барлығы баспаналарын қалпына келтіріп, бейбіт өмірін жалғастырғысы келеді.

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Мақсұт Меделханов

Хабар 24 телеарнасы