376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Римде ауызсу тапшылығы сезіле бастады

  • 783
  • UPD: 19:36, 27.07.2017

Себебі 1,5 млн халықты сумен қамтамасыз ететін мекеме күніне 8 сағат қана жұмыс істеуге көшті.

Қала ауызсу мәселесін шешу үшін осындай қадамға барып отыр. Италия астанасында бірнеше айдан бері жаңбыр жауған жоқ. Құрғақшылықтан Рим провинциясын ауызсумен қамтитын негізгі көлдің бірі Браччано да тартыла бастаған.

Судың да сұрауы бар екенін италиялықтар қазір жақсы түсінеді. Тіпті қаладағы субұрқақтардың өзі жұмысын тоқтатқан. Қазіргі уақытта сән-салтанат емес, күнкөріс қамы маңызды болып тұр. Аста-төк өмір сүрген римдіктер алғаш рет ауызсудың тапшылығын сезіне бастады. Алдағы демалыста қаланы ауызсумен қамтамасыз ететін мекеме жұмыс уақытын қысқартып, астаналық тұрғындардың пәтеріне суды күніне 8 сағат қана жіберетін болады.

Блиц:

- Мен Римде көп жылдан бері тұрамын. Бірақ мұндай жағдайды бірінші рет көріп тұрмын. Бұрын-соңды су тапшылығын сезінген емеспіз. Әрине ауызсудың жетіспеушілігі үлкен қолайсыздық туғызады.

- Егер шынымен де ауызсудың жетіспеушілігі сезіле бастаса, бұл шешім дұрыс болды деп санаймын. Одан басқа амал жоқ.

- Елдің астанасында суды тоқтату меніңше – қисынсыз тірлік. Себебі қаланың айналасында қаншама су көздері бар. Сондықтан мұндай мәселе туындамауы керек деп ойлаймын.

«Римді сумен қамтитын мекеменің жұмысын шектеу өте күрделі жағдайдан туындап отыр», дейді коммуналдық қызметтің мамандары. Лацио астаналық аймағындағы негізгі су көзі саналатын Браччано көлінің деңгейі құрғақшылықтың әсерінен рекордтық деңгейге түсіп, 160 сантиметрге тартылып кеткен. Экологтар: «Суды ысырапсыз пайдалану табиғи апатқа соқтыруы мүмкін», – дейді. Рим әкімі Вирджиния Раджи сумен қамтитын мекемелердің басшыларын бір үстел басына жинап, күрделі жағдайдан шығу жолдарын қарастыруды көздейді.

Вирджиния Раджи, Рим қаласының әкімі:

- Мен Римді сумен қамтамасыз етуге бағытталған кез келген келіссөзде сағаттап отыруға дайынмын. Қала тұрғындарын, әсіресе ауруханалар мен қарттар үйін, өртке қарсы қызметті сусыз қалдыруға болмайды. Сондықтан мұндай шараларға жол бермеу керек.

«Ауызсудан туындаған қолайсыздық алдағы он күнде шешіле бастайды», – дейді қала басшысы. Себебі тамыз айының басында римдіктердің көбі басқа жаққа демалысқа кетеді. Яғни ауызсуды тұтыну азаяды. Римдегі 1,5 млн тұрғынның мәселесі алдағы келіссөздерден кейін белгілі болады. Қазір аймақтағы 20 ауданның пәтерлерінде ауызсуға шектеу қойылды.

Авторлары: Юлия Гончар, Массимилиано Вольпе

Хабар 24 телеарнасы